Шымкент: Текесу тұрғын алабында сумен жабдықтау жүйесі іске қосылды

фото ШӨКҚ

Текесу тұрғын алабында сумен жабдықтау жүйесі іске қосылды. Бұл бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласы әкімнің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылды. Халықпен кездесулердің бірінде жергілікті тұрғындар ауыз суға тұрақты қолжетімділіктің жоқтығына назар аударған болатын. Тұрғындар тез арада айтылған уәждерінің назарға алынғанына қуанулы.

Жоба 130 абонентті сапалы ауыз сумен қамтуға бағытталып, 14 шақырым су құбыры жүргізілді. Нәтижесінде, ұзақ жылдар бойы таза ауыз суға қол жеткізуді күткен тұрғындар сапалы сумен қамтамасыз етілді. Жергілікті халық үшін бұл – өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Ауыл тұрғындары игі іске мұрындық болған жергілікті билік пен мердігер ұйымдарға алғыстарын білдіріп, ауыз су – тіршіліктің негізі екенін атап өтті.

Несіпбай Төленов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Таза ауыз су тартылғанына өте қуаныштымыз. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Рахмет айтамыз. Алдағы уақытта да тұрғындарды қуанышқа бөлейтін жағымды жаңалықтарымыз көбейе берсін».

Айта кету керек, тұрғындардың қуанышымен қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің өзі бөлісіп қайтты. Мегаполис басшысы жергілікті тұрғындарды маңызды оқиғамен құттықтап, жобаның маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде тұрғындар қала әкіміне алғыстарын жаудырып, баталарын берді.

Өз кезегінде қала әкімі демеушілер мен мердігер ұйымдарға көрсеткен әлеуметтік жауапкершіліктері үшін алғысын білдірді. Бірлескен жұмыстар нәтижесінде жергілікті халық санитарлық талапқа сай таза, үздіксіз ауыз суға қол жеткізді.