Шымкент: Жұлдыз, Жалын тұрғын алаптары газдандырылды

фото ШӨКҚ


Шымкентте қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен бірге Жұлдыз /жаңа құрылыс аумағы/ және Жалын тұрғын алаптарында табиғи газды қосуға қатысты.

Айта кетейік, газ құбырларының құрылысы өткен жылдың тамыз айында тұрғындармен көшпелі кездесулер кезінде айтылған өтініштері бойынша басталған болатын. Бүгін Жұлдыз шағынауданында 834 абонент және Жалын шағынауданында 566 абонент көгілдір отынға қол жеткізді. Бұл жалпы 1400 қосылымды құрайды. Бұл нәтиже қаланың инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртудың жүйелі тәсілін көрсетеді: тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беруден бастап жобаны дәйекті жүзеге асыруға дейін. Жалпы тұрғындар тарапынан айтылған барлық өтініштер әкімдік назарында. Биліктің бұқараның өтінішін назардан тыс қалдырмайтынын осыдан-ақ аңғаруға болады.

Жуырда ғана яғни, сегізінші тамыз күні Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қарабастау шағынауданы тұрғындарымен бірге табиғи газды іске қосуға қатысқан болатын. Жобаны жүзеге асыру 1408 үйді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, бұл жергілікті тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға тікелей әсер етеді. Осы уақытқа дейін 9 мыңға жуық адам тұратын шағынаудан орталықтандырылған газбен толық қамтылмаған. Жауаптылар мен мердігер ұйымдардың бірлескен әрекеттерінің арқасында ауқымды жоба сәтті аяқталды. «Газдандыру — бұл жүйеге қосылу ғана емес, шағынауданның өмір сүру сапасын жақсартуға және орнықты дамуында маңызды қадам», — дей келе қала басшысы игі іске үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірді. Газға қосылу тұрмыстық жағдайды едәуір жақсартады және қатты отынды пайдалануды азайтады, бұл экологиялық жағдайға да оң әсер етеді.

Жалпы 33 шақырымнан астам газ құбыры салынды. Осының арқасында екі тұрғын алабы да орталықтандырылған газ жүйесіне қосылды. Қала әкімі тұрғындардың көптен күткен қуанышына ортақтасып, мердігерлерге жұмыстарды сапалы және уақтылы орындағаны үшін алғыс айтты.

Айта кету керек, газға қосылу үшін тұрғындар техникалық шарттарды алуға өтініш беруі керек. Мұны «eGov Mobile» қосымшасы немесе электрондық үкіметтің веб-сайты egov.kz. арқылы жасауға болады