Шымкент қаласына Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева ресми жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында министр мәдениет, өнер және ақпарат саласындағы бірқатар жергілікті шығармашылық ұжымдармен, мәдениет қызметкерлері және қала тұрғындарымен кездесті. Жүздесу барысында жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, түрлі тақырыптағы мәселелерін тыңдады.
Шымкентке іс сапармен келген Аида Ғалымқызы, ең алдымен қала тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, сонымен қатар мәдениет саласының өкілдерімен кездесті. Ол жиын барысында елімізде атқарылып жатқан біршама жұмыстарды тізбектеп, ақпарат саласындағы жаңалықтарымен бөлісті.
Яғни, Бұқаралық ақпарат құралдары арасында бәсекелестік дамып, ақпарат құралдары шұғыл жаңалықпен қамтамасыз етуге дағдыланып келеді деді министр. Яғни, халықтың сұранысы күннен күнге өзгеріп, қоғам жедел жаңалықты тек ресми арналардан емес, әлеуметтік желілер, онлайн платформалар мен дербес медиаресурстар арқылы алуға көшті. Осыған орай, БАҚ құралдары да жыл санап артып келеді.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі: «Осыдан 30 жылдан бұрын, осы залда аға буын өкілдері де отыр ғой. БАҚ-тың саны айналдырған екі ұлттық телеканалымыз, 15 шақты басылым болатын. Қазір жағдай мүлдем басқа. Республика бойынша 4906 бұқаралық ақпарат тіркелген. Оның ішінде 3018 мерзімді басылым. 238 телеарна. 99 радио. 1246 ақпараттық агенттіктерімен интернет басылымдар бар. Оның 424 — і Шымкент қаласы бойынша тіркелген. Атап атқанда, Шымкент өңірінде 229 мерзімді басылым, 17 теле-радио канал, 178 ақпараттық агенттіктермен желілік басылымдар жұмыс істейді».
Жиын барысында тұрғындар мен мәдениет саласының мамандары көкейтесті сұрақтарын қойып, жауап алды. Олардың бірі, балалар арасындағы ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін жарыстарды, әділ өткізу керектігін жеткізді. Ал, енді бірі, жастарды тәрбиелеу жолында тәлім-тағлымы мол дүниелерді көгілдір экраннан көрсетуді сұрады. Сонымен қатар, атақ-абырой үшін жасалған шоу бағдарламаларды жабу керек деген ұсыныс айтты. Алайда, министр, бұл мәселенің бірден шешілмейтінін жеткізді.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі: «Мен министр ретінде сол бағдарламаларды жабуға тырыстым. Бірақ, 70 пайыз қоғам соны өліп-тіріліп қарап отыр. Сондықтан, оны өзіміз көрмей бас тартсақ, сонда ғана, жабылады. Жекеменшік БАҚ-ты да бизнес ретінде қарау керекпіз. Табыс тауып отырған соң, өзіміз ақша бермеген соң, оларға тікелей талап қоя алмаймыз. Сондықтан, менің ойымша, тәлім-тәрбиесі мол бағдарламаларға өзіміз көңіл бөліп қарасақ, өз өнімдерін жарнама арқылы сатамын деген кәсіпкерлерде қолдау болады. Мен қазір уәде бере алмаймын. Біреуін жапсақ, атын өзгертіп екіншісі шығады. Олардың көрермендері көп».
Сонымен қатар, өңірдегі мәдени инфрақұрылымды дамыту, тарихи-мәдени мұраны сақтау, отандық контент өндірісін қолдау және медиа саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ, жиын барысында айтылған түйткілді проблемаларды министрлікте әріптестерімен бірге қарап, зерделейтінін жеткізді.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі: «Осы кездесулер, халықтың көкейтесті мәселелеріне көңіл бөлуге, шешу жолдарында айтып жатыр. Менің ойымша, мұндай кездесулер көп болу керек. Оның ең бастысы, мемлекеттік органдар мен халықтың байланысыны нығайтатыны анық. Осындай кездесулерді жиі ұйымдастырамыз деп уәде беріп кеттім. Көптеген мәселе, мәдениет саласы, оның ішінде ұлттық өнерді қолдау мәселелеріне тоқталып өтті. Екінші мәселе байқаулардың әділ және ашық өтуін ұсынып жатыр. Ол да дұрыс».
Кездесу барысында, ақсақалды қариялар Мәдениет және ақпарат министріне ақ батасын беріп, ізгі ниетін білдірді.
Нұргүл Жолымбетова