Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Сондай-ақ, іс-шара аясында салалық басқармалар, аудан әкімдігі, полиция және прокуратура өкілдері қала тұрғындарын қабылдап, кеңес берді.
Шымкентте екі қолға бір күрек іздеген азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған тағы бір ауқымды іс—шара өтті. Жиын Еңбек мобильділігі мен қалалық прокуратураның бірлестігімен ұйымдастырылды. Онда келушілерге 20-дан астам жұмыс беруші мен Enbek.kz порталындағы 2000 — нан астам тұрақты әрі субсидияланатын жұмыс орындарын ұсынылды.
Одан бөлек, тұрғындар салалық басқармалар, аудан әкімдігі, полиция және прокуратура өкілдерінен көмек сұрау мүмкіндігін алды. Олардың қатарында Толқын Рызметов бар. Ол заң өкілдерінен ұзақ уақыт шеше алмай жүрген жер мәселесін шешу жолдарын таба алды.
Толқын Рызметов, тұрғын: «Жер мәселесі бойынша келдім. Бізде бұрын мешіт болған жер бар. Одан кейін оны клиникаға бердік. Ол халықтың жері болған. Оны ақылдаспай бір адам сатып жіберген».
Қосымша жиында арнайы кеңес беру бұрышында Қаратау ауданының Мансап орталығы мамандары тұрғындармен жұмыс істеді. Олар — кәсіптік оқыту, қайтарымсыз гранттар, солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аудару, мемлекеттік бағдарламалар арқылы уақытша жұмысқа орналастыру және Enbek.kz порталының мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ, тұрғындар арасында бұрын сотталғандар да бар. Олар үшін арнайы кеңестер ұйымдастырылып, жұмыс орындары ұсынылды, мемлекет тарапынан қандай қолдау бар екені түсіндірілді
Арман Орманов, Қаратау ауданының аға прокуроры: «Бұл шара – халықты жұмыспен қамтуға және жұмыссыздықты азайтуға бағытталған. Мұнда барлық құзырлы органдар қабылдау жүргізіп жатыр. Азаматтардың сұрақтарына нақты жауап, толық кеңес берілуде»
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қалада жұмыспен қамту бойынша мүмкіндіктер бар. Ең бастысы – өзгеруге және алға жылжуға деген ниет болса жеткілікті.
Бота Әнуар