Шымкентте 5 жекеменшік мектеп жабылды

Шымкентте жаңа оқу жылында 5 жекеменшік мектеп жұмысын тоқтатады. Оның екеуі лицензиясынан айырылса, үшеуінің лицензиясы 6 айға шегерілген. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің хабарлауынша, Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті мониторинг жүргізіп, осындай шешімге келген.

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Биылғы оқу жылында 2 жеке мектеп өзінің қызметін тоқтатты. Бұл «Интеллект» жалпы орта мектебі және «Смарт орта» білім беретін мектебінің лицензиялары тоқтатылғанын айтқым келеді. Сонымен қатар тағы 3 мектептің лицензиясы 6 ай мерзімге тоқтатылды. Бұл «Әлем» жекеменшік мектебі, «Қазбілім» мектебі, «Сапар примерскул» деп аталатын мектептердің 6 айға лицензиясы тоқтатылып тұр».

6 айға уақытша жұмысы тоқтатылған 3 мектептің бірі «Қазбілім Шымкент» мектебі болашақта қызметін жалғастырмайтынын мәлімдеген. Дегенмен қалған екі мектеп белгіленген мерзімде кеткен кемшіліктірді түзеп, жұмысын жолға қоя алса, лицензияларын қалпына келтіруге құқығы бар.

Дилара Иса