Абай Құнанбаев – ауқымды әрі терең мағынасы бар тұлға. Ол – қазақ әдебиетінің классигі, ұлттық символ. Жастар әрқашан Абайға ерекше назар аударып келді. Ол өз халқының кейбір әрекеттерін сынады. «Қара сөздері» арқылы халыққа тек сыртқы бейнеге емес, ішкі рухани дүниеге мән беру керектігін жеткізгісі келді.
Қазіргі әлемде мыңдаған жолдар мен түрлі ниеттегі адамдар бар. Осындайда Абай – компас іспетті. Себебі бізде де сол баяғы сұрақтар бар, біз де сол жағдайлардан өтеміз. Замандар ауысады, бірақ адам мәселелері өзгермейді. Абайдың басты мұрасы – нақты ережелер емес, ойлау жүйесі. Ол бізді ойлауға, өзімізге сұрақ қоюға үйретеді. Міне, оның қазіргі заманға сай келетін ерекшелігі осында. «Қазіргі жастардың арасында білімді, дарынды адамдар көп. Алайда, адамдар кейде сыртқы көрініске қатты мән беріп, ішкі жан-дүниесін ұмытады», – дейді сұхбат берген Жанат Мирзахмедова.
Абай – тек ақын немесе философ қана емес. Ол – адамның ішкі әлемін тани білген психолог, қоғамның дертін дәл таныған сыншы және сонымен бірге болашаққа үмітпен қараған қайраткер. Оның шығармаларындағы ойлар кез — келген ұлтқа, кез — келген заманға ортақ. Ол адам табиғатын, қоғамдағы әділетсіздікті, жалғандықты, рухани дағдарысты терең түсінді. Сондықтан да оның идеялары – уақыт сынынан сүрінбей өтіп, әлі де өзекті болып отыр.