Шымкентте Абайдың 180 жылдығы тойланып жатыр

Биыл қазақ руханиятының шамшырағы хакім Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толды. Елімізде бұл мерейтойды 10 күн бойы атап өту жоспарланып отыр. Шырайлы Шымкент қаласы да Ұлы ғұламаның 180 жылдығын ерекше салтанатпен атап өтуді бастап кетті.

Әлем таныған Абайдың 180 жылдығы Шымкентте де сән-салтанатпен аталып өтілуде. Мереке ақын ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар және қала тұрғындары қатысты.

Хурсанд Шеров өзбек халқының опера әншісі. Ол Қазақстан қалаларын саяхаттап жүр. Бүгінгі сапары Шымкент қаласындағы үлкен мерекеге дөп келген. Айтуынша ол, дана Абайдың шығармаларымен бала күнінен таныс.

Хурсанд Шеров, саяхатшы: «Абай туралы көп кітаптарды оқығанмын. Шерлерін оқығанмын. Бірақ өзбек тілінде оқығанмын. Тәржімалағанда өзбек-қазақ бәрі бірміз, туысқан дейміз бе? Қырғыз, қазақ, татар, өзбек бәріміз түркі ұлттарымыз. Бүгінгі мейрамға қатынасқаныма қуаныштымын».

Мереке қарсаңында Абай саябағында музей ашылды. Мұнда ақынның қолжазба көшірмелері, туындыларының аудармалары қойылған. Абайдың әлемі – әділет пен адалдықтың, білімге деген шексіз құштарлықтың мекені. Бұл – ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайтын, уақыттың өзінен де биік тұрған өмір оқулығы.

Жансая Қайып, Абай орталық кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі: «Бүгін Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына кітап көрмесі қойылды. Абай Құнанбайұлының кітаптары бірнеше тілге аударылған. Неміс тіліне, орыс тіліне, Абайдың қара сөздерін өзбек тіліне аударған. Және осы жерде қара сөздері топтастырылған. Кітап сөремізде Абай өмірін, шығармашылығын зерттеген ғалымдардың кітаптары қойылған. Тоқталып өтер болсақ бұл кітап жақында ғана шығарылды. 180жылдығына орай. Транскрициясымен сүйеніп жазылған».

Абай күнінде тек концерттік бағдарлама мен байқаулар ғана емес,  көрме де ұйымдастырылған. Абай жолынан осындай суреттер қойылған. Және мұндағы ерекше болып көрінген мына тас. Бұл қарапайым тас, дегенмен Абай атамыз осы тас үстінде сөйлеп, оның үні халыққа және әлемге тараған.

Мереке аясында ақын шығармаларын ұлықтауға арналған республикалық байқау өтті Сайыста онлайн іріктеуден өткен 26 қатысушы бағын сынады.

Жұлдызбек Рамашев,  Байқау қатысушысы,ұлттық ұлан сарбазы: «Әскери бөлімде қызмет етіп жүргенде, отан алдындағы парызымды өтеп жүргенде, біздің аға бастығымыз командиріміз Мәлік осындай Абайдың әнімен байқау болып жатыр, сол жарысқа өзіңнің бағыңды сынап көр деп қолқа салды. Содан мен ешқандай ойлану, толғану не болмаса мынау артқа тарту болған жоқ. Бірден келістім. Өйткені мен өзімде Абайдың мұрасымен сусындап, көптеген ақындардың шығармаларымен танысып бойыма дартырып жүрген азаматтың бірі болған соң бүгінгі сайысқа бағымды сынап келген жайым бар».

Абай жалпы түркі жұртының рухани ұстазы, шамшырағы. Абай өсиеті, ойы мәңгілік. Бүгінгі әрекет ақынның асыл мұрасын болашақ ұрпақ жадында жаңғырту. Себебі тарихын танып, қадірлеген ұрпағы бар елдің болашағы жарқын болмақ.

Ботакөз Әнуар