Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты заңсыз жүргізуші куәлігін рәсімдеген №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының 15 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс бойынша сот талқылауын бастады. Іс бойынша 15 адам жауап беріп жатыр. Оларға заңсыз жүргізуші куәліктерін жасады деген айып тағылған.
500 адамға заңсыз жүргізуші куәлігін берді деген айыпталушылардың 10-ы қамауда, төртеуі үйқамақта, ал бірі іс сотқа өткенде терегу изоляторында комаға түсіп, ауруханада қайтыс болды. Сот тергеуі басталмай тұрып оған қатысушылардың көңілін алаң басқаны байқалды. Судья Самидин Темірәлиев істі қарай бастағанда марқұм Жомарт Мұрашимовтың қорғаушысы талап-тілек түсірді.
Болат Елмұрзаев, марқұм Жомарт Мұрашимовтың қорғаушысы: «Жомарттың қайтыс болуына байланысты оның не қоғамдық қорғаушылары, заңды өкілдері танылмаған. Бірақ оған қорғаушылар жоқ. Қазіргі таңда бізге белгісіз болып тұр. Ары қарай өндірісті қалай жалғастырады. Себебі ары қарай жалғастыру үшін өкілдері не қоғамдық қорғаушылары осы айыппен келісетіні не келіспейтінін өз пікірін айту керек.
Ол – бір. Екіншіден сіз жаңа айтқан қосымша куәлерді».
Десе де судья сот тергеуін бастауға кедергі жоқ деп тапты. Ол адвокат пікірін ашық салдырып, сот отырысында марқұмның құқығын қорғауға бір адвокаттың болуы жеткілікті екенін түсіндірді.
Самидин Темірәлиев, судья: «Қазаның арты қайырлы болсын. Тағдыры сондай шығар, кім біледі? Ал енді істі ары қарай жалғастыру, жалғастырмау жөнінде пікір ол кісілер келесі сот отырысына келеді. Сіз өзіңіз барып түсіндіресіз. Айтады, сол бойынша шешім қабылдайтын боламыз. Қазіргі таңда сот отырысын жалғастырып, өзіңіз қатысып отырсыз өкілі ретінде ол кісілер қатысу қатыспау туралы арызын берсе, біз соған қарап шешім жасап, жалғастыра берсін десе тәртіппен жалғастыратын боламыз».
Іске қатысушылар соттың бұл шешімімен келісті. Олар сотта Қылмыстық кодекстің «Заңсыз сыйақы алу», «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру», «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» бабымен жауап беріп жатыр. Сот тергеуі әдеттегідей прокурордың айыптау актісін оқуымен басталды.
Прокурор: «Айыптау актісіне сәйкес Мұрашимов Жомарт Раушанбекович 28 шілде 1988 жылы туған. Ол 2002-2024 жылдар аралығында Шымкент қаласы аумағында заңсыз жолмен материалдық жағдайын жақсарту мақсатында мемлекеттік ұйымның мемлекеттік функцияларды орындайтын қызметкер бола тұра қызмет бабын пайдалана отырып, өз міндеттері аясына кіретін жұмысты орындағаны және көрсеткені үшін ұйымдасқан топ құрып, оған басшылық жасап қатысушылардың нақты рөлдерін белгілеп, жүйелі түрде ірі мөлшерде ақшалар заңсыз сыйақы алып, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру мақсатында жылжымайтын және жылжитын мүліктер сатып алып, қылмыстық жолмен алған қаражатты заңдастырған, ауыр санаттағы қылмыстармен келесі мән жайларды жасаған».
Прокурордың сөзінше, Мұрашимов 2020 жылы №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы болып тағайындалған. 2022 жылы қылмыстық топ құрған. Ол жол қозғалысы ережелерін білуге арналған тестілеу, теория және практикалық емтихандар өту үшін ақша алып, заңсыз емтихандардан өткізген. Оған серіктері көмектескен. Айыпталушылар бұл қызметі үшін 150 мың теңгеден бастап 400 мың теңгеге дейін ақы алып отырған. Сөйтіп айпталушылардың табысы 150 миллион теңгеден асқан. Десе де сотталушылардың бірі тағылған айыпты мүлде мойындамайтынын, қалған 13-і ішінара мойындайтынын жеткізді. Айта кетейік, айыпталушылар мен олардың адвокаттары өздерін фото-видеоға түсіруге қарсы болды.
Дилара Иса