Шымкентте ішек ақауымен туылған нәрестеге күрделі ота жасалды

фото әмсқбқ

 

Шымкент қалалық перинаталдық орталығында екі күндік шақалаққа туа бітті ішек ақауына байланысты күрделі ота жасалды. Ота 1,5 сағатқа жалғасқан. Нәресте 41 апталық мерзімде 3450 грамм салмақпен ауыр халде дүниеге келген. Дәрігерлер шұғыл түрде ота жасап, сәбидің өмірін аман сақтап қалды.

Күрделі операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде неонаталды хирургия саласының ең заманауи әдістерін қолдана отырып, жоғары білікті мамандардың қатысуымен жүргізілді. Қазіргі таңда сәби арнайы медициналық құрылғылардың көмегімен дәрігерлік бақылауда.

-Нәресте ішек ақауының патологиясымен дүниеге келді. Диагностикалық тексерулерден кейін дереу операция жасау туралы шешім қабылдадық. Алдағы уақытта сәби тұрақты бақылауда болады. Мұндай күрделі неонаталды операциялар жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтауға мүмкіндік береді,- дейді Шымкент қалалық перинаталдық орталығының неонатолог-реаниматологы Ағзат Шолпанқұлова.

Шымкент қалалық перинаталдық орталығында жыл басынан бері ішкі ағзаларында ақауы бар 30-ға жуық сәбиге күрделі операция жасалған. Мұнда жаңа туған нәрестелерге реанимациялық және қарқынды терапиялық көмек көрсететін бөлімше жұмыс істейді. Операциядан кейінгі күтімге, әсіресе асқазан-ішек жолдарына ота жасалған балаларға ерекше көңіл бөлінеді.

Мұндай жоғары технологиялық медициналық қызметтердің МӘМС жүйесі аясында қолжетімді болуы – сәби өмірін құтқарып, ата-аналарға үміт сыйлайды. Мамандардың айтуынша, перзентханаларда неонаталды хирургия бағытын дамыту – нәресте өлімін азайтып, ана мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты тетіктерінің бірі.