Шымкентте кәсіпкерлерге жаңа салық кодексі түсіндірілді

Шымкентте кәсіпкерлерге жаңа салық кодексі түсіндірілді. Мемлекеттік кірістер комитеті, қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп, арнайы семинар өткізді. Жиынның басты мақсаты, 2026 жылдың 1 қаңтарында күшіне енетін жаңа салық кодексінің ережелерін кәсіпкерлерге түсіндіру. Семинар барысында бизнес өкілдеріне жаңа салық жүйесінің құрылымы, негізгі өзгерістер мен жаңалықтар жан-жақты таныстырылды.
Семинар барысында бизнес өкілдеріне жаңа салық жүйесінің қалай жұмыс істейтіні түсіндірілді. Атап айтқанда, қосылған құн салығы (ҚҚС), табыс және корпоративтік салық бойынша жаңа талаптар, шот-фактураларды толық цифрландыру, шағын бизнеске арналған жеңілдетілген режимдер, мүлік, жер және көлік салығының жаңа тәртібі, сондай-ақ сән-салтанат салығы енгізілетіні айтылды. Семинарға шамамен 300- ден астам бизнес өкілдері, есепшілер қатысты. Олардың бірі талай жылдан бері кәсіпкерлік саласында жұмыс істеп келе жатқан Гүлбия Қасымова. Ол, бүгінгі жиыннан аларымыз көп деп отыр.

Гүлбия Қасымова, Есепші: «Кодексте өзгерістер көп, әсіресе жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты. Атап айтқанда, ҚҚС мөлшері өседі. Бүгін көптеген сұрақтарға жауап алдық, бірақ шешімін таппағандары да бар, олар бойынша жақын арада қосымша түсіндіретіндігі айтылды».

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жаңа салық кодексінде прогрессивті табыс салығы, көлік салығы бойынша жаңа механизмдер мен сән салтанат салығы қарастырылған.

Жәнібек Нұржанов, Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары: «Кодексте негізгі өзгерістер қабылданған. Олар – дифференциалды салық мөлшерлемелері, прогрессивті табыс салығы, қосылған құн салығы (ҚҚС) пен арнайы режимдер бойынша түзетулер, сондай-ақ люкс салығын енгізу».

Жаңа кодексте кәсіпкерлерге арналған бірқатар жеңілдіктер де бар. Мысалы, міндетті салық түрлері жетіден үшке дейін қысқарады. Ал 20 жылдан аса қолданылған автокөліктерге 0,5 коэффициенті қолданылып, салық екі есе төмендейді. Сонымен қатар жалақыдан ұсталатын табыс салығының тәртібі де қайта қаралған.

Айнұр Сартаева,  Мемлекеттік кірістер комитеті қосылған құн салығын әкімшілендіру басқармасының басшысы орынбасары: «Кейбір санаттағы қымбат бағалы мүлкі бар жеке тұлғалар үшін сән салтанат салоны үшін белгілері енгізіліп отыр. Жеке табыс салығы бойынша ставкалар өзгеріп отыр, ҚҚС өзгеріп отыр. Сонымен қатар кейбір салық жеңілдіктері күшейтіліп отыр. Кейбір мақсатқа сай емес жеңілдіктер алынып тасталды. Сонымен қатар салық есептілігі нысандары 30 пайызға дейін қысқарып отыр. Бұл жерде салық төлеушілерге яғни жеңілдетілген осы салық есептілігін тапсыру ұсынылып отыр».

Мамандардың айтуынша, салық кодексіне енгізілген өзгерістермен толық танысып, дайындалуына уақыт бар. Айта кеетйік, жаңа салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Ботакөз Әнуар