Соңғы уақытта елімізде медицина қызметкерлеріне қатысты агрессия жиілеп кеткені белгілі. Ақ халатты абзал жандарға жасалған шабуылдар – мемлекет тарапынан қатаң шараларды талап ететін маңызды жағдай. Қазір елімізде медицина қызметкерлеріне күш көрсетуге байланысты қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу мәселесі қаралып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, заңнаманы қатаңдату жеткіліксіз – ең бастысы, денсаулық сақтау жүйесіне деген халық сенімін қайтару.
Олар – өзгенің өмірін құтқарады, бірақ өз өмірлеріне қауіп төнуде. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2019 жылдан бері Қазақстанда медицина қызметкерлеріне қатысты 170-тен астам қылмыстық оқиға тіркелген. Бұл – жылына шамамен 30 жағдай. Сарапшылардың пайымдауынша, медицина қызметкерлерінің құқықтық мәртебесін заңмен бекіту қажет. Бұл мұғалімдер мәртебесі секілді заң жүзінде қорғалуы тиіс.
Баян Жандосова, «Қазақстан әйелдерінің республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық және Түркістан облыстық филиалының төрайымы: «Мектептегідей кезекші полиция қызметкерлері болуы керек деп есептеймін. Кез-келген сәтте көмекке шақыру үшін. Бізде мұғалім мәртебесі туралы заң бар, онда мұғалімдерді қорғаудың барлық тұстары қарастырылған. Неліктен Денсаулық сақтау министрлігі де медицина қызметкерлерінің мәртебесі туралы мәселені көтермеске? Неліктен біз ақ халаттыларды қорғамаймыз?».
Туындаған мәселеге орай дер кезінде шешім қабылдануда. Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы мен Полиция департаментінің ұйымдастыруымен алты медициналық мекемеде полиция бекеттері жұмыс істей бастады. Олардың қатарында №1 клиникалық аурухана, №2 және №3 қалалық ауруханалар, Перинаталдық орталық, Қалалық перзентхана және Балалар ауруханасы бар.
Полиция бекеттерін ұйымдастыру оқиғаларға жедел жауап беруге, шиеленістердің алдын алуға, сондай-ақ медицина қызметкерлері мен пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл шара медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау оқиғаларының көбеюіне байланысты қабылданды. Мемлекет басшысы қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату жөнінде тапсырма бергенін естеріңізге саламыз.
Сонымен қатар, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы «Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы», «Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығы» және «Хадиша» емханасында тәуліктік кезекшілік ұйымдастырып, медициналық мекемелердегі тәртіпті сақтау мақсатында Шымкент қаласы полиция департаментіне бақылауға алу туралы хат жолдады.