Шымкентте тазалық пен тәртіпті бұзғандар жауапқа тартылды

фото ШӨКҚ

1–14 тамыз аралығында Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Таза Қала» атты профилактикалық іс-шара өтуде. Шараның негізгі мақсаты – қала аумағында санитарлық тазалықты сақтау, қоғамдық тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғындардың экологиялық және құқықтық мәдениетін арттыру болып табылады.

Рейдтік жұмыстар Шымкент қалалық полиция департаменті мен қала әкімдігі бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілуде. Нәтижесінде, бірқатар азаматтар мен кәсіпкерлік нысандардың иелері санитариялық талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда тыныштықты бұзған тұлғаларға да заң шеңберінде шара қолданылды.

Шара аясында аулалар мен көшелерге, саябақтар мен скверлерге, жалпыға ортақ пайдаланылатын орындардың тазалығына ерекше мән берілуде. Сонымен қатар, Шымкенттегі шағынаудандағы тұрғын үйлер тұрғындарына көшелеріне құрылыс материалдарын тастамау, тазалықты сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе жаз мезгілінде көп тұрғындар үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетіні белгілі. Соған орай ескі құрылыс қалдықтарын есік алдына тау қылып үйіп қояды. Көшелер, жол бойлары ортақы пайдаланудағы жерлер болғандықтан да оны жалпымыз бірдеу таза ұстау басты міндетіміз. Сондықтан да тұрғындарға ескертпе жасалуда.

Құзырлы органдар қала тұрғындарын тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға тастауға, тазалық пен тәртіпті сақтауға және айналадағылардың тыныштығын құрметтеуге шақырады. Егер тәртіпке бағынбаған жағдайда жауапкершілік бар екендігін де есте ұстаған ләзім. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.