Шымкентте тұрғындарға тегін құқықтық кеңес берілді

фото Отырар.кз

Шымкенте ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай “Әр азаматқа – заңдық көмек!” акциясы өтті. Жиында әділет департаментінің басшысы, қаладағы белгілі нотариус, заңгерлер, басқарма өкілдері азаматтарды тегін қабылдап, құқықтық кеңес берді. Кездесуге халық қандай мәселемен келді?

Шымкентте 3 сағатқа созылған «Әр азаматқа – заңдық көмек» акциясы өтті. Мұнда шаһар тұрғындары тиісті маман қызметкерлерінен тегін көмек алды. Жиында әділет департаментінің өкілдері, жергілікті басқарма мен нотариустар халықтың мәселесін тындап, шешу жолдарын ұсынды. Мәселен Шымкент қалалық әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекованың сөзінше, жиналған жұртшылықтың көбі алимент, тұрғын үй, жұмыссыздық, сот орындаушыларына байланысты мәселелерімен келген. Мамандар мұндай түйткілдерді шешуде жаңа мүмкіндіктер пайда болғанын атап өтті.

Айнұр Исабекова,  Шымкент қаласы әділет департаментінің басшысы: «Екі тарап болады ол жерде. Өндіріп алушы және борышкер. Борышкер орындауды қаламаса, өндіріп алушы орындалғанын қалайды. Осындай конфликтерге сала осындай шағын шағымдар көп. Бірақ әділет департаменті, әділет министрлігі бастамасымен бұл наразылықтарды болдырмау бойынша шаралар атқарылып жатыр. Қазір, бүгінгі сәтті пайдаланып, бізге іске қосылып жатқан жаңа тетіктерді айтқым келеді. Мысалы сот орындаушыларға азаматтардың арыздары, келіспеушіліктері болса, наразылықтары бар болса жүйеде «Кабинет старон» деген тетік қосылып тұр. Бұл тетік арқылы кез-келген ақпарат тікелей сот орындаушыға шағымын түсіре алады. Яғни, көшеде жүгіріп сот орындаушыны іздемейді. Кез-келген смартфонынан болсын басқа құралмен болсын өтінішті жолдай алады. Және де сот орындаушы бұл өтінішті 5 ақ жұмыс күн ішінде қарап беруге міндетті».

Акция аясында кәсіби заңгерлер, адвокаттар қала тұрғындарына отбасылық, еңбек, мүліктік сипаттағы келіспеушіліктер бойынша тегін кеңес беріп, даулы мәселелерді шешудің жолдарын түсіндірді. Мамандардың айтуынша, көмек сұрай келген қауым ішінде алаяқтықтың құрбаны болғандар көп. Осы себептен міндетті қызметкер жергілікті жұртқа заң өкілдерінен кеңес алудың маңызды екенін тағы бір еске салды.

Нұргүл Жанұзақова, нотариус: «Қандай да мәмілелер жасалар алдында бірінші  кеңес алған абзал. Өйткені бұл жерде біз жалғыз нотариустар емес сот орындаушылар бар, барлық заң қызметін көрсететін білікті де білімді мамандар болады. Барлық сұрақтарыңызды шешіп береді бұл жерде. Сұрақтарыңызға жауап ала аласыздар. Қандай да бір іс-әрекет жасар алдында заңды кеңесшілерден кеңес алу, одан кейін қадам жасау».

Айта кетейік, іс-шара конституцияның 30 жылдығына орайластырылған. Мақсаты-  қоғамның құқықтық сауыттылығын арттыру, заңды мүдделерін қорғау. Аталған іс-шаралар одан әрі жалғасын таппақ.

Ботакөз Әнуар