Шымкентте «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» атты қалалық тамыз кеңесі ұйымдастырылды. Басқосуға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев арнайы келді. Биылғы жиынға 2100-ден астам адам қатысып, жаңа оқу жылына арналған басымдықтарды талқылады.
Шымкенттегі 40 мектепке Topiq электрондық оқулық платформасы тарту етілді. Заманауи жүйенің ерекшелігі сол – интернеті тұрақсыз аймақтардағы мектептер де оффлайн түрде цифрлық контенттерге қол жеткізе алады. Мұндай мүмкіндік білім сапасын арттыруға сеп болады дейді жауаптылар. Жаңа бастама жайлы педагогтардың тамыз кеңесінде айтылды.
Әсима Рысқұлбекова, «Алматыкітап баспасының» вице-президенті: «Шалғай елдерде интернеті баяу мектептер үшін осы цифрлық контент қолжетімді болу мақсатында осындай мобильді станцияларды сыйға тартқалы отыр. Бұл мобильді станциялар интернетсіз де интерактивті режимде жұмыс жасай алады. Яғни, мұғалім осы мобильді станциялар арқылы күнделікті сабағында «Қамқор» жасанды интелектінің мүмкіндігін кең қолдана алады. Яғни, балаларға түрлі деңгейдегі тапсырмалар құрастыра алу, әрбір баланың білім алуға деген жеке траекториясын құру, деңгейлік тапсырмалар ұсыну деген секілді мұғалім үшін ең маңызды деген дедактикалық міндеттерді жеңіл әрі ұтымды шешуге мүмкіндік бере алады»
Тамыз кеңесінде алдағы оқу жылына қатысты бірқатар жаңа бастамалар жайлы да сөз болды. Шымкентке іс-сапармен келген министрдің айтуынша, биылдан бастап еліміздегі барлық мектепте жасанды интеллект жүйесі қолданылады. Сонымен қатар, оқушыларға тек сапалы білім берумен шектелмей, олардың тәрбиесіне де ерекше назар аударылмақ.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі: «Биылғы оқу жылының ең үлкен жаңалықтарының бірі бүкіл орта білім жүйесінде ЖИ тиімді, қауіпсіз пайдалануға байланысты жұмыстар басталады. Бұдан бөлек Президент атап өткендей, “Адал азамат” бағдарламасы енгізіледі. Бұл жалпы бұған дейін айтылған, біз білімнің академиялық бағытына көп көңіл бөлдік те, тәрбиені сәл кешеуілдетіп алдық. Соған байланысты тәрбие жұмысын мектертерде күшейту мақсатында атқарылып жатқан ең басты жұмыстардың бірі»
Тамыз кеңесіне ұстаздармен қатар ата-аналар да қатысты. Жиында жаңа оқу жылында атқарылатын жұмыстар мен алға қойылған міндеттер талқыланды. Қалалық білім басқармасының басшысы жоспарды тарқата баяндап, басым бағыттарды атап өтті.
Гүлназ Сүлейменова, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «2025 жылы мемлекеттік атестаттаудан өтетін 223 білім беру ұйымы талап жобасы арқылы тәжірибе алмасады. Биылғы оқу жылында қаламызда алғаш рет педагогтер мен басшылардың кәсіби және жеке тұлғалық өсуін ынталандыру мақсатында конкурс негізінде орта білім беретін үздік ұйымы грантын беру жоспарлануда. Бұл жұмыстар білім ұйымдарының сапасын артытруға арналған шешімдер болып табылады».
Сонымен қатар, Жаңа оқу жылы қарсаңында 31 педагогке құрмет көрсетілді. Ұстаздық жолда қажырлы еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеуде озық үлгі көрсеткен мұғалімдердің еңбегі «Алтынсарин» төсбелгісімен, «Парасат» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен бағаланды.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан білім саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Соңғы 4 жыл ішінде ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Қала бюджетінің 37% білім саласына бағытталып, соңғы 2 жылда 39 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Апатты және үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілді. Келешек ұлттық мектеп жобасы аясында 12 мектеп іске қосылды»
Айта кетейік, Алдағы оқу жылы өңір бойынша 397 мың оқушы білім беру мекемелеріне барады. Оларға қолайлы орта құру мақсатында биыл 10 мектеп күрделі жөнделді. Одан қалды жаңадан 6 нысан салынып жатыр.
Лаура Бабас