Сорбұлақ су қоймасынан табылған әскери тікұшақтың экипаж командирі жерленді

Бүгін Түркістан облысы Төле би ауданы Сұлтанрабат ауылында Алматы облысындағы Сорбұлақ су қоймасында жоғалған әскери тікұшақ экипажының командирі Нұржігіт Үйсінбаевтың жаназасы шығарылды. Кеше қорғаныс министрлігі тікұшақ бөлшектері мен бір адамның денесі табылғанын хабарлаған еді.

Түркістан облысы Төле би ауданы Сұлтанрабат ауылында Алматы облысындағы Сорбұлақ су қоймасында жоғалған әскери тікұшақ экипажының командирі Нұржігіт Үйсінбаевтың отбасы қара жамылды. Оның денесін әскерилер кеше кешке үйіне жеткізген. Үй алдында «бауырым-ай» деп аза тұтқан еркектер мен үй ішінен жоқтау айтқан әйелдердің азалы дауысы аза бойыңды қаза етеді.

Марқұмның жаназасы сағат он бірде үй ауласынан шығарылды. Жаназаға ондаған адам жиналды. Нұржігіт Үйсінбаевтың денесі үйінен әскери оркестердің қатысуымен шығарылды. Оның денесі ауыл шетіндегі зиратқа жерленді. Жерлеу кезінде әскерилер аспанға оқ атты.

Марқұмның денесін үйден шығарғанда әйелдердің жоқтауы тоқтамады. Аңырап қалған анасы «Ақ сүтімді ақтадың, балам! Ризамын!» деді етегі жасқа толып.

Марқұмның анасы: «Жастайынан әскери қызметкер болуды армандады. Бәрімізді тәртіппен жүргізетін. Құрттай болса да басшым еді ғой ол менің. Ақылшым, данышпаным еді ғой. Нақсүйер балам еді ғой. Аспанда қалықтап жүруді бала кезден армандады ғой. Күндіз түні ұшты, мыңдаған сағат жинады. Санатын да көтерді. Қандай оқу болса да біреуінен қалмады. Қатарының алды еді ғой балам. Тікұшақты жан-тәнімен жақсы көретін еді. «Мама, мен аспанға ұшсам құстай қалықтаймын, білесіз бе?» деп келген сайын айтып келетін. «Рақаттанамын, ләззат аламын осы жұмысымнан» дейтін еді. Жаным, жарығым! Жұлдыздай жарқ етіп, сөніп қалды ғой, балам!»

Нұржігіт Үйсінбаевдың денесі 15 күннен кейін табылды. Марқұмның інісі Ержігіт Үйсінбаевтың айтуынша, ағасының денесі кеше таңда әскери тікұшақпен бірге су астынан шыққан. Мәйітханада марқұмның түрін көріп, таныған.

Ержігіт Үйсінбаев, марқұмның інісі: «Түс көргендей болып тұрмыз. Әлі сене алмай жатырмыз. Кеше ғана көз алдымызда жүрген жігіт еді. Ағамды өзім тікұшаққа дейін шығарып салып, тікұшағынан денесін өзім алып келдім. Күліп, ойнап, барамын да қайтамын, «күтіп ал мені» деп еді. Осылай күтіп алатынымызды білген жоқпыз ғой. Өмірін әскери қызметке арнады, сол үшін жанын берді ғой».

Ержігіт Үйсінбаев ешкімге шағымымыз жоқ, оқиғаның қалай болғанын тергеу анықтайды деді. Марқұмның артында үш жарым жастағы бір ұлы жетім қалды. 33 жастағы Нұржігіт Үйсінбев 2010 жылы Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтына «Ұшқыш» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2014 жылы лейтенан шенімен тәмамдаған.

Кеше Қорғаныс министрлігі Сорбұлақта жоғалған тікұшақтың бөлшектері мен бір адамның денесі табылғанын хабарлаған. Министрлік спутниктік деректерді пайдалана отырып жүргізілген математикалық есептеулер тікұшақтың шамамен орналасқан жерін анықтауға мүмкіндік бергенін мәлімдеген. Әскери тікұшағы 25 шілде күні радардан жоғалып, байланыстан шыққан. Оның бортында үш экипаж мүшесі болған.

Дилара Иса