Студенттерге бөлінген қаражат кімнің қалтасында кетті?

Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінде студенттерге бюджеттен бөлінген 204 миллион теңгені иемденіп алғанын анықтады. Бұл ақша студенттердің тамақтануынан бастап оқу әдебиетін сатып алуға берілген.

Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінде бюджеттің 204 миллион теңгесі ізім-ғайым жоқ болған. Мұны колледж кері қайтаруы керек. Қазірге бар-жоғы 3 миллион теңге орнына қойылған. Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мәлім етті.

«Тексеру барысында 2021–2025 жылдары колледжде заңнама талаптарын бұза отырып, білім алушылардың тамақтану, тұру және оқу әдебиетін сатып алу шығындарын ішінара өтеуге бөлінген бюджет қаражаты заңсыз иемденілгені анықталды. Заңсыз иемденудің жалпы сомасы 203,1 млн теңгені құрап, ол 286 студентке қатысты болды»

Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті

Нақтырақ айтқанда, 2021 жылы — 71 студентке, 2022 жылы – 160 студентке, 2023 жылы – 235 стулентке, 2024 жылы – 210 студентке арналған ақша олардың игілігіне жұмсалмаған. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 206 студентке бөлінген бюджет ақшасы қолды болған.

«Сонымен қатар, алты жағдайда жалпы сомасы 310,2 мың теңге мөлшерінде мемлекеттік стипендияларды артық төлеу фактілері, сондай-ақ екі жағдайда 712,0 мың теңге көлемінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша артық аударымдар анықталды»

Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті

Ішкі мемлекеттік аудит департаменті анықталған заңбұзушылықтарды жою және оған жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде нұсқама берген. Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі департамент дерегін растады. Департамент міндеттегендей, иемденген ақша 2 қыркүйекке дейін қайтарылатынын айтты. Колледж қызметкерлері бұдан өзге ақпарат беруге құлық танытпады.

Дилара Иса