Темір қанатты тіршілік: Ұшқыш кәсібінің қадірі

фото ШӨКҚ

Жұмысшы мамандықтар жылы – 2025 аясында ел экономикасы мен қауіпсіздігі үшін аса маңызды салалардың бірі – азаматтық және әскери авиацияда еңбек ететін ұшқыш мамандығына ерекше назар аудару қажет.

Ұшқыш – жоғары кәсіби дайындықты, техникалық сауаттылықты, жылдам шешім қабылдау қабілетін және үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Бұл маман иелері жолаушылардың, жүктің немесе арнайы тапсырмалардың қауіпсіз әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етеді. Олар күрделі метеорологиялық жағдайларда, әртүрлі биіктікте және халықаралық әуе кеңістігінде ұшуға дайын болуы тиіс.

Аталмыш мамандықтың маңыздылығы – елдің көлік инфрақұрылымын дамытуда, халықаралық байланыстарды нығайтуда, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету мүмкіндігін қамтамасыз етуде ерекше көрініс табады. Әскери авиацияда қызмет ететін ұшқыштар мемлекеттің қорғаныс қабілетін күшейтуге тікелей үлес қосады.

Ұшқыш болу – табандылық пен үздіксіз оқуды талап ететін күрделі жол. Бұл салада жұмыс істеу үшін теориялық біліммен қатар, практикалық дайындықтың жоғары деңгейде болуы шарт. Авиациялық қауіпсіздікке қойылатын халықаралық талаптардың үнемі жаңартылып отыруы мамандардың кәсіби деңгейін тұрақты түрде жетілдіріп отыруын қажет етеді.

Келтірілген кез-келген біліктілік деңгейінен өту үшін белгілі бір талаптарға сай болу қажет. Басты талап – бұл дайындық кезіндегі ұшу жөніндегі тәжірибе. Ол ұшқан сағатпен өлшенеді. Одан бөлек, приборлармен жұмыс істеу, түн мезгілінде қатесіз жұмыс жасау, ӘКК (әуе кемесінің капитаны) ретінде қызмет ете алу мүмкіндігі де есепке алынады.

Жас шамасы, теориялық білім мен денсаулық жағдайы — осылардың барлығы да көрсетілген талапқа сай болуы керек.

Сондықтан, ЖОО бітіре салып бірден коммерциялық әуекомпаниясының үлкен әуе кемесіне отырамын деген түсінік мүлдем қате. Куәлік алу аса қиын да шаруа емес. Маңыздысы – ұшудағы тәжірибе. Оны арттыруы үшін әдетте ақылы түрде ұшақ штурвалына отырып тәжірибені шыңдайды.

Бірақ соңғы кезде ТМД елдерінің әуекомпанияларында пилоттарға деген ұшудағы сағат талабы едәуір төмендеп жатыр. Оған себеп — Кеңес Одағында білім алып, қазір қызметте жүрген пилоттар санының біршама азайғандығы. Сондықтан, көптеген әуекомпанияларына жас пилоттар өте қажет болып отыр.

Ұшқыш мамандығы – бұл тек кәсіби жұмыс емес, сонымен қатар отан алдындағы адалдық пен үлкен жауапкершілік жүктейтін өмірлік миссия.