Шымкент қаласындағы Қаратау ауданына қарасты Тұран тұрғын алабында «AMANAT» партиясының бастамасымен және «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында көшпелі қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындардың көкейкесті сұрақтарын тыңдап, тиісті сала мамандарымен бірлесіп, мәселені шешу жолдарын қарастыру.
Қоғамдық қабылдауға Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Талғат Балтабаев, «AMANAT» партиясы қалалық филиалы Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлжанат Баетова, Шымкент қаласы заң консультанттары палатасының заңгерлері Назерке Мырзабай мен Аида Махатаева, сондай-ақ Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Қаратау ауданы әкімдігі және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Қабылдау барысында тұрғындар тарапынан негізінен инфрақұрылым, қоғамдық көлік, жол құрылысы, аялдама мен автобустардың жетіспеушілігі және жарықтандыру мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, жеке тұрғын үйлерге қатысты түрлі құжат мәселелері мен құқықтық кеңес сұрағандар да болды.
– Мұндай қабылдаулар біз үшін өте маңызды. Өйткені тұрғындармен бетпе-бет сөйлесіп, нақты қандай мәселелер мазалайтынын білуге мүмкіндік туады. Әрбір өтініш жеке қаралады, әрі қарай тиісті басқармалар мен бөлімдерге жолданып, бақылауға алынады, – деді мәслихат депутаты Талғат Балтабаев.
Келіп түскен барлық өтініштер мен ұсыныстар арнайы хаттамаға тіркеліп, жауапты мекемелерге тапсырылды. Партия өкілдерінің айтуынша, әрбір мәселе бойынша нақты жауаптар беріліп, орындалу мерзімі белгіленеді.
Тұран тұрғын алабы – Шымкент қаласының қарқынды дамып келе жатқан жаңа шағынаудандарының бірі. Мұнда халық саны жылдан-жылға артып келеді. Соған сай шешімін күткен әлеуметтік мәселелер де жеткілікті. Сондықтан бұл қоғамдық қабылдау тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік болды.
Осы шараның арқасында мәслихат, «AMANAT» партиясы және басқа да мемлекеттік органдар қарапайым халыққа бір қадам жақындай түсті. Азаматтарда бұрынғыдай қол жетпестей көрініп, өз мәселелері тек өздерінде ғана қалып қояды деген сезім туындамайды. Егер мұндай қабылдаулар жиі өткізіліп, тұрғындар алдын ала хабардар етіліп отырса, бұл – алдымен өзіміздің қаламыздың, кейін бүкіл Қазақстанның түйткілді мәселелерін шешуге бағытталған ең ауқымды әрі маңызды қадам болар еді.
Жанна Құрманбекова