«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Ербол Байқонысов «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында тұрғындар негізінен жұмысқа орналасу және баспанаға қатысты көкейдегі мәселелерін көтерді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, туындаған даулы мәселелерді заң аясында шешуге жәрдемдесу және тұрғындармен тікелей кері байланыс орнату.
Әрбір азаматтың өтініші жеке-жеке тыңдалып, заң аясында нақты жауаптар мен түсіндірмелер берілді. Партия өкілдері халықпен тікелей байланыс орнату арқылы әлеуметтік түйткілдерді жедел шешуге ықпал етіп келеді.
Айта кетейік, Шымкент қаласында бүгінде 6 қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді. Оның біреуі қалалық деңгейде болса, қалған бесеуі аудандық деңгейде тұрғындарға қызмет көрсетіп отыр.
6 айда жалпы саны 4720 өтініш тіркелген. Оның ішінде 81 пайызы оң шешімін тапса, 18 пайызы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген, ал 1 пайызы бақылауға алынды.
Сондай-ақ, қоғамдық қабылдау бөлмелерінде 202 жеке қабылдау өткізіліп, 1412 азамат тікелей қабылданған.
«Азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, нақты әрекет ету – партия жұмысының басты бағыттарының бірі. Біз әрбір өтінішке жауапкершілікпен қарап, тиісті органдармен бірлесе нақты шешімдер қабылдауға тырысамыз. «Құқықтық көмек» жобасы бойынша қабылдаулар партия алаңында тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Өздеріңізге белгілі, біздің қарапайым азаматтарымыздың арасында заңды, кейбір құқықтық мәселелерді толық түсіне бермейтіндер кездеседі. Сондықтан да біз азаматтарға тегін заңгерлердің кеңесін алуға мүмкіндік тудырып отырмы», – деді Ербол Байқонысов.
«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдаулары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады. Кездесулерде көтерілген мәселелерге талдау жасалып оның қорытындысы Мәжілістегі Amanat фракциясына жолданып отырады. Мақсат — қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігін қарастыру.