Түркістан халықаралық әуежайының жалпы шығыны 3 миллиард теңге деп есептелген. Оның 1,4 миллиард теңгесін облыс әкімдігі есебінен жауып отыр. Қазір облыс әкімдігі әуежайды сенімгерлік басқаруға беру үшін компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Мұндағы мақсат әуежайды дамыту және табысын арттыру. Бастысы әуежай өз шығынын өзі жаба алатындай дәрежеге жеткізу.
Түркістан облысы әкімдігінің меншігіндегі Түркістан халықаралық әуежайының жылдық шығыны – 3 миллиард теңге. Ал кірісі 1,4 миллиарт теңге. Әуежай әзірге өз шығынын өзі өтей алмай тұр. Әкімдік әуежайды дамыту және табысын арттыру мақсатында сенімгерлік басқаруға компания іздеп жатыр. Бұған дейін әуежай ісін басқарып келген вьетнамдық «Sovico Group» компаниясы өз еркімен келісім-шартты тоқтатты.
Байдәулет Байкөзиев, Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қоғамдық тасымалды дамыту бөлімінің басшысы: «Sovico Group» компаниясы әкімдікке өз компаниясын дамытатынын, Түркістан халықаралық әуежайын сенімгерлік басқаруға алудан өз еркімен бас тартатыны туралы хабарлама берген. Қазір қосымша сенімгерлік басқаруға беру үшін бірнеше компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Олардың ішінде отандық «Alpha Sky» әуе компаниясы да бар. Сенімгерлік басқаруға берудегі негізгі мақсатымыз әуежайдағы жолаушылар ағынын арттыру және жүк тасымалы динамикасын көтеру. Яғни әуежайды табысты нысан етіп шығару».
Әзірге сенімгерлікке беру туралы ешқандай компаниямен келісімшарт жасалмаған. Тек талқылау жүріп жатыр. Тек әкімдіктің талаптары мен компанияның ұсыныстары сәйкес келсе ғана әуежай сенімгерлік басқаруға беріледі.
Байдәулет Байкөзиев, Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қоғамдық тасымалды дамыту бөлімінің басшысы: «Біздің тараптан қойылатын негізгі талап сенімгерлік басқаруға бергеннен кейін 3 жылдан кейін 3 жыл ішінде Түркістан халықаралық әуежайын өз шығынын өзі жабатындай етуі керек. Өтйкені оны күтіп ұстау жұмыстары бар. Қазіргі таңда Түркістан халықаралық әуежайы акционерлік қоғамы бар. Әр маманның жалақысы дегендей… Сонымен жаңа әуе бағыттарын ашу, жүк тасымалы динамикасын арттыру сияқты бірнеше талаптарымыз да бар. Егер біздің талаптарымызды қанағаттандырып, іс жүзінде орындаған жағдайда 3 жылдан соң тағы 10 жыл сенімгерлік басқаруға беру жоспарланып отыр».
Байдәулет Байкөзовтің мәліметінше, 2025 жылы Түркістан халықаралық әуежайының жалпы шығыны 3 миллиард теңге деп есептелген. Оның 1,4 миллиард теңгесін облыс әкімдігі есебінен жауып отыр. Қалған бөлігі әуежай табысымен өтеледі. Түркістан халықаралық әуежайы облысы әкімдігінің меншігіндегі нысан. Қазір әуежайды Түркістан халықаралық әуежайы акционерлік қоғамы басқарып отыр. Әуежайдан ішкі рейстермен қатар халықаралық рейстер де ұшады.
Дилара Иса