Түркістан облысында 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап 31 желтоқсаны аралығында шамамен 2500-ге жуық азамат өз борышын өтеу үшін әскери қызметке жіберіледі. Олар ҚР Қорғаныс министрлігінің Қарулы күштерінде, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде, ҚР Ұлттық ұланында, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінде және ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінде әскери борышын өтеуге аттанады. Бұл туралы өткен брифингте Түркістан облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Жандос Күлдербаев мәлімдеді.
2025 жылғы күзгі шақыру науқанына Түркістан облысынан ҚР Қарулы Күштеріне – 1000-ға жуық сарбаз, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне – 350-ден астам жас, ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне – 35 сарбаз, ҚР Ұлттық ұланына – 900-ден аса адам, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымдарына – 30 азамат жіберіледі.
— Биылғы жылдың шілде және тамыз айларынан бастап шақырылушылармен алдын ала зерделеу жұмыстары жүргізілді. Әрбір шақырылушының денсаулығы, білімі және моральдық-психологиялық жағдайы ескеріліп, олар Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың қажеттіліктеріне қарай тағайындалды — деді сала маманы.
Сондай-ақ, ҚР ҰҚК Түркістан облысы департаментінің аға офицері Ерболат Базарқұлов Отан алдында борышын өтеген азаматтарға әскерден кейін мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар туралы баяндады.
— Еліміздің азаматтары әскери қызметтен кейін екі жыл ішінде ҰБТ нәтижесінсіз әңгімелесу арқылы ақылы негізде ЖОО-ға түсу мүмкіндігі бар. Үздік әскери қызметшілерге мемлекеттік грант негізінде тегін жоғары білім алу мүмкіндігі қарастырылған. Емтихансыз грант негізінде ЖОО-ның әскери кафедрасына түсу, сонымен қатар үздік әскери қызметшілерге ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына ҰБТ нәтижесінсіз түсу мүмкіндігі берілген. Әскерге шақыру науқаны ашық форматта жүргізіледі. Қажетті ақпарат алу үшін әрбір азамат қорғаныс істері жөніндегі департаментке, басқармалар мен бөлімдерге жүгіне алады — деп баяндады спикер.