Түркістан облысында соңғы үш жылда 1 миллион гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Атап айтқанда, 2022 жылы 520 мың гектардан астам, 2023 жылы 330 мың гектардан астам, ал 2024 жылдың өзінде 70 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қайтарылған. Биыл жыл соңына дейін қосымша 110 мың гектар жер учаскесін мемлекетке қайтару жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге оның 60,1 мың гектары қайтарылды. Бұл жерлер кезінде ауыл шаруашылығы мақсатында жеке тұлғаларға берілгенімен, жылдар бойы пайдаланылмағаны анықталған.
Түркістан облысында ортақ жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл мәселе облыс әкімінің аппаратында өткен апталық мәжілісте талқыланды. Аталған жұмыс Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында берілген тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Жолдауда пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып, оларды адал әрі тиімді пайдаланатын азаматтарға беру міндеті қойылған болатын. Осыған орай, жергілікті атқарушы органдар мен құзырлы органдар бос жатқан жерлерді қайтарып, оларды әділ бөлу жұмысын жалғастыруда. Бұл шара ауыл шаруашылығын дамыту мен жер ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында қолға алынған.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің айтуынша, өңірдің жалпы жер қоры – 11 млн 610,3 мың гектар. Қазіргі таңда пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жатқан жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару мақсатында облыс әкімінің өкімімен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған.
Түркістан облысы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекетке қайтару екі бағытта жүзеге асырылып жатыр. Бірінші бағыт – Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен жоспар аясында жүргізілсе, екінші бағыт жұмыс тобы анықтаған ортақ жайылымдарды қайтару жоспары бойынша іске асуда.
Жиын барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жайылым жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Ол жауапты органдарға жүйелі мониторинг жүргізіп, жылдық жоспардың толық орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді.
– Мемлекет басшысы ортақ жайылымдарды ел игілігіне қайтару жөнінде нақты тапсырма берді. Аудан, қала әкімдері, жауапты басқармалар мен департаменттер осы бағыттағы жұмысты күшейтсін. Мақсатсыз пайдаланылып жатқан жерлерді қайтару ісі жүйелі жүргізілуі керек. Космомониторинг нәтижелерін ескеріп, терең талдау жасаған жөн. Мониторинг, зерделеу жұмыстары тоқтамау керек және жылдық жоспардың толық орындалуы тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.
Қазіргі таңда Жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан 403 жер пайдаланушыға тиесілі 124,3 мың гектар жайылым жерге қатысты құжаттар қаралып, нұсқамалар жолдануда. Сонымен қатар аудан және қала әкімдіктері бекіткен жоспарлар ауылдық округтер кесіндісінде әзірленіп, бекітілген. Қайтарылған жайылым жерлердің карта-сызбалары дайындалды.