Түркістан облысының тұрғыны үшем босанып, 11 баланың анасы атанды

фото ТОӘБҚ
Түркістан облысының №1 облыстық перинаталдық орталығында Шардара ауданының тұрғыны, 43 жастағы Орынкүл Нурабаева үшем дүниеге әкеліп, 11 баланың анасы атанды. Ұлдардың салмағы – 2265 грамм, 2455 грамм, 2405 грамм. Үшемдер мезгілінен ерте туылғандықтан, дәрігерлердің қатаң бақылауында. Қазіргі таңда ана мен нәрестелердің жағдайы жақсы. Бүгін сәбилер мен анасы перзентханадан үйлеріне шығарылды.
Жалпы өңірде осы жылдың 6 айында 22 638 бала дүниеге келген. Облыста 22 перзентхана қызмет көрсетеді. Босандыру ұйымдарында 319 акушер-гинеколог, 89 неонатолог, 101 анестезиолог-реаниматолог жұмыс істейді. 165 акушер-гинеколог ота жасау дағдыларын меңгерген. Мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Өткен жылы 34 дәрігер Ресейдің Санкт-Петербург қаласында біліктілігін арттырса, осы жылы облыстық медициналық ұйымдардағы 70 қызметкер шетелдік мамандардың қатысуымен өткен көшпелі шеберлік сағаттарына қатысты.
Білікті кадрлар даярлау мәселесі назардан тыс қалған емес. 2024 жылы бейінді мамандар даярлау үшін резидентураға – 139 грант, орта медициналық қызметкерлерді даярлау үшін 600 грант бөлінген. Биыл резидентураға 150 грант бөлінді. Одан бөлек, «Аңсаған сәби» бағдарламасы шеңберінде Түркістан облысына былтыр 556 квота бөлініп, 100% игерілді. Биыл 640 квота бөлініп, 70% орындалды.
Медициналық мекемелерді заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы 1 млрд. теңге қаржы бөлініп, қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Биыл да 1 млрд. теңге қаржыға құрал-жабдықтар сатып алу жоспарлануда.
Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері №1 облыстық перинаталдық орталығында 4050 нәресте дүниеге келді. Оның ішінде, 72-сі – егіздер. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 271 балаға көп.
Өңірде медицина саласан жетілдіру, сапалы қызмет көрсету бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасады.