Түркістан облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының дерегінше, жыл басынан бері облыста заңсыз жаңадан салынған 190 ғимарат анықталған. 40 ғимаратты бөлшектеп бұзуға шешім шыққан. Ал 8 ғимаратты мәжбүрлеп бұзу туралы арыз сотқа жолданған.
Ресми мәліметке қарағанда, жыл басынан бері Түркістан облысында 1147 нысанның құрылысы басталған. Оның 188-і мемлекеттік бюджет есебінен, қалғанын жеке кәсіпкерлер салып жатыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров заңсыз құрылысқа жол бермеу керек дейді. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында айтылды.
Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Біз осы бағытта салдармен емес, себептерінің алдын алуымыз керек. Сондықтан алдағы уақытта жаңадан заңсыз құрылыс нысандары анықталған жағдайда бірінші кезекте ауылдық округ әкімдері және аудан әкімдерінің салаға жауапты орынбасарларына тәртіптік шара көрілетінін ескертемін. Бұл жұмыстарды жүйелеу үшін қатаң шаралар қолдануды тапсырамын. Мұны индикаторға енгізіңіздер. Заңсыз салынған құрылыс нысандарын заң талаптарына сәйкес барлығын ретке келтіру қажет. Аудан, қала әкімдеріне заңсыз салынып қойған нысандарын рәсімдеп беру практикасын тоқтатуды тапсырамын».
Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының дерегінше, өткен жеті айда облыста заңсыз салынған 190 ғимарат анықталған. 40 ғимаратты бөлшектеп бұзатын болған, ал 8 ғимаратты мәжбүрлеп бұзу үшін іс сотқа өткен.
Сұлтанғали Жалқұл, Түркістан облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы: «Облыс аумағында заң талаптарын сақтамай салынған 190 құрылыс нысандарына тексеру жұмыстары жүргізіліп 562 заңбұзушылықтар анықталып, 163,15 млн. теңге айыппұл салынды. Нәтижесінде заңбұзушылықтарды жоюға 187 нұсқама, оның ішінде 40 нұсқама бөлшектеп бұзуға берілді. Сонымен бірге жыл басынан бастап сотқа 8 нысанды мәжбүрлеп бұзуға талап арыз жолданып, оның 2-еуі қанағаттандырылып, қалғандары қарау үстінде».
Сонымен бірге жиында қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңдарды бұзғандар жауапқа тартылатыны да айтылды.
Дилара Иса