Түркістан облысында 6 айлық бала терезеден құлап, мерт болды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті терезеге бекітпе салу туралы айтылғанымен, бұған немқұрайлы қарап жатқандар бар дейді. Ал жаңадан салынып, қолдануға беріліп жатқан тұрғын үйлердің терезесіне бекітпе салу құрылыс компанияларына міндеттелгенін айтады.
Түркістан облысында жыл басынан бері бір бала терезеден құлап кетті. 6 айлық бала ауыр жарқат салдарынан көз жұмды. Оқиға 26 шілде күні болған. Бұл туралы облыстық өңірлік коммуникация орталығында өткен баспасөз жиынында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Асылбек Ақылбекұлы мәлім етті.
Асылбек Ақылбекұлы, Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі: «Жоғарыда айтылған жағдайлардың алдын алу мақсатында департаментпен баланың қауіпсіздігі бойынша біршама іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтар болсақ, ағымдағы жылы 12 маусым күні комиссия отырысында терезе алдындағы қауіпсіздік ережелері тақырыбы талқыланып, біршама тапсырмалар берілген болатын. Сонымен қатар ағымдағы жылдың наурызынан бастап бала қауіпсіздігі бойынша үгіт-насихат жүргізілуде».
Асылбек Ақылбекұлының сөзінше, қауіпсіздік шараларын сақтау ісіне еріктілер тартылған. Олардың көмегімен және кәсіпкерлердің демеушілігімен көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын әлеуметтік осал топтағы отбасылардың пәтер терезелеріне арнайы бекітпелер орнатылған. Төтеншеліктер қауіпсіздік шараларын сақтау туралы айтылып, ескертулер жасалып жатқанымен бұған немқұрайлы қарайтындар да бар екенін жеткізді.
Асылбек Ақылбекұлы, Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі: «Қазір Түркістан қаласында жаңадан салынып, қабылданып жатқан сіздің жаңағы ұсынысыңызды, терезелерге бекітпелер орнату туралы берілді. Ол тек екінші қабатында емес, барлық қабатында, жаңа айттым ғой 179 жағдай тіркелген деп, ауыр жарақат алып жатқандар да бар. Кез келген салынып жатқан ғиматарқа салынады».
Қазақтанда жыл басыан бері 179 бала көпқабатты тұрғын үй терезесінен құлап кеткен. Олардың 32-сі мерт болған, қалғаны түрлі дене жарақатын алып аман қалған. Жазатайым оқиғалардың негізгі себебі ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруынан екені көрсетілген.
Дилара Иса