Түркістан қаласында жүкті әйелге көмектесуге барған жедел жәрдем станциясының қызметкері соққының астында қалды. Оны әйелдің күйеуі ұрып-соққан. Фельдшер түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер оның жағдайы орташа ауыр деп бағалап отыр.
«Бірінші бетіне жұдырықпен ұрды. Оң жақ бетінен ұрды. Ұрған кезде басымен қабырғаға ұрылып, отырып қалды».
Түркістан облыстық жедел жәрдем станциясының фельдшері 26 жастағы Құдырет Мүтәліпов соққыға жығылды. Ол шақыртумен жүкті әйелге көмек беруге барған. Әйелдің соқыр ішек болуы мүмкін екенін ескеріп, оның ішін саусағымен басып көрген. Бұған күйеуі қарсы болған. Науқасты ауруханаға жатқызу үшін жауап алып жатқанда күйеуі сөзге тағы араласып, соққыға жыққан.
Жанель Қуанышбек, куәгер: «Отырған кезде аяғымен қатты күшпен бетінен тепті. Тура осы бетінен тепті. Тепкеннен кейін ағай мең-зең болып қалғанда үшінші соққы, аяғымен үшінші рет тепті. Сол кезде иығына тиді. Содан кейін мамасы құшақтап ажыратып алды».
Оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция шақырылған. Түркістан қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Бекзат Берденовтің айтуынша, Мүтәліпов аурухананың жарақат бекетіне түсте түскен.
Бекзат Берденов, Түркістан қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері: «Аурухана дәрігерлерімен алғашқы көмек көрсетіліп, тиісті диагностикалық зерттеу жүргізіліп, жабық бас ми жарақаты, бас миының шайқалуы, көз аймағының жұмсақ тіндерінің соғылған жарақаты гематомасы диагнозымен травматология бөлімшесіне жатқызылды. Қазіргі таңда науқастың жағдайы орта ауырлықта. Қажетті мамандардың кеңесі беріліп, ем жүргізілуде».
Мүтәліповтің хәлі туралы полицияға хабар берілген. Сот-медициналық сараптама тағайындалған. Мүтәліповтің өзі оқиға туралы журналистерге қандай да бір пікір беруден бас тартты. Ол полицияға арызданбаған.
Нұмұхан Абдулла, Түркістан облыстық жедел-жәрдем стансасының заңгері: «Қызметкер біздің кешірім берген қазіргі таңда. 2 жақ сөйлесіп, ол кісіге кешірім берген. Ешқандай арыз тасталмаған. Полиция қызметі автоматты шақыру берілгеннен кейін өздері тіркеу керек негізі. Бізден вызов барды. Біз еңбек инспекциясына жазамыз, жазып қойдық, иә. Аурухана анықтамасын аламыз денсаулығы жайында, оны да еңбек инспекциясына жолдаймыз».
Станция мәліметінше, бұл биылғы жылға қалада жедел жәрдем қызметкерлерін ұрып-соғу бойынша алғашқы оқиға.
Дилара Иса