Түркістанда шетелдік саяхатшылар саны екі есеге артты

Түркістан облысында жыл басынан бері шетелден келген саяхатшылардың саны екі есеге артқан. Аймақта туристерді тарту мақсатында атқарылған жұмыстармен бірге жоспар да бар дейді сала мамандары. Жалпы Түркістанға Қазақстанмен шекаралас жатқан көрші елдердің азаматтары жиі келетіні анықталған.

2025 жылдың 6 айында Түркістан облысында шетелден келген саяхатшылар саны 24 мыңға жуықтап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда екі есе артқан. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов мәлім етті.

Нұрдәулет Медеуов, Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы: «Облыста туризм саласында динамикалық өсім бар. Алайда өңірге бекітілген индикаторлар бойынша жыл соңына дейін орындалмай қалу қауіптері бар екенін де атап өтуіміз керек. Оның ішінде мынау ішкі туристердің санын 350 мыңға жеткізу қажет болатын. Бірінші тоқсан қорытындысында 59 мыңға құрап отыр. Бар-жоғы жоспардың 17 пайызға жуығын орындалғанын көрсетеді. Өткен жылмен салыстырғанда өсім бар. Шетелдік туристер саны жыл соңына дейін 18 мыңға жеткізу жоспарланған».

Әйткенмен e-qonaq платформасының есептеуінше, өткен жарты жылда олардың саны 24 мыңға жуықтаған. Жалпы шетелдік саяхатшылардың дені көрші жатқан Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Қытаймен қоса Түркия, Франция, Германия, Италия, Жапониядан да бар.

Нұрдәулет Медеуов, Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы: «Туризм саласында негізгі капиталға тартылған инвестицияларда бізде жыл соңына дейін 55,9 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған. Қазіргі таңда 6 айдың қорытындысымен 33 миллиард теңгеге орындалып отыр. Жыл соңына дейін аталған межеге қол жеткіземіз деген ойдамыз».

Сонымен бірге блыстық туризм басқармасы 18 туристік компаниямен серіктестік орнатқан. Нәтижесінде, компаниялар наурыз-маусым айларының аралығында 20 мыңға жуық саяхатшыны тартқан.