«Вандализмге жол жоқ»: Жастар Абай саябағында тазалық жұмыстарын жүргізді

фото ШӨКҚ

 

Қоғамдық мәдениетті арттыру, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті ояту және вандализмнің алдын алу мақсатында қала жастары «Вандализмге жол жоқ» атты экологиялық акция өткізді. Аталған шара аясында ерікті белсенділер Шымкенттегі Абай саябағы аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға үлгі көрсетті.

Акция барысында қатысушылар саябақ маңын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, орындықтар мен субұрқақ маңындағы арамшөптерді жұлып, ағаш түптерін ретке келтірді. Тіпті кейбір қатысушылар бояуы кетіп, бүлінген орындықтар мен қоршауларды сырлап, кішігірім жөндеу жұмыстарын да атқарды. Бұл – олардың тек сөзбен емес, нақты әрекет арқылы қоғамға үлгі болуға ұмтылғанының айқын көрінісі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның басты мақсаты – жастар арасында вандализмге қарсы сананы қалыптастыру, сондай-ақ қоғамдық орындарға деген ұқыптылықты дәріптеу.

Вандализм – бұл тек қасақана бұзу немесе жазу ғана емес, бұл – ортақ мүлікке, табиғатқа, қоршаған ортаға деген немқұрайлылық. Мұндай акциялар арқылы біз жастардың бойына жауапкершілік, жанашырлық, экологиялық мәдениет сияқты құндылықтарды сіңіруге тырысамыз, – дейді шараны ұйымдастырушы Еркебұлан Әли.

Шараға 50-ден астам ерікті жас қатысты. Олардың қатарында студенттер, мектеп оқушылары және экобелсенділер де болды. Қатысушылар тек тазалық жұмыстарымен шектелмей, қала тұрғындарына ақпараттық парақшалар таратып, вандализмнің зияны мен оның құқықтық жауапкершілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Табиғатты қорғау, тазалық сақтау – әр азаматтың парызы. Біз тек бір күнге емес, осы арқылы қоғамды ұзақ мерзімді тәрбие мен мәдениетке баулуға үлес қосуды мақсат еттік, – дейді акцияға қатысушы студент Әйгерім Қуаныш.

Осындай игі бастамалар қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, ұрпақ санасына экологиялық және мәдени жауапкершілік ұғымын қалыптастыруға үлкен әсер ететіні сөзсіз. «Тазалық – табалдырықтан басталады» демекші, әр азамат өз ауласы мен айналасын таза ұстауға тырысса, еліміз көркейіп, қоғамымыз мәдениетті бола түсері анық.