Уәде көп, нәтиже жоқ: Маусым көшесінің тұрғындары мәселе көтерді

Шымкентте Мирас шағынауданындағы Маусым көшесінің тұрғындары көптен бері көше жарығының жоқтығына шағымданып келеді. Тұрғындардың сөзінше мұнда орнатылған шамдар небәрі жиырма күндей ғана жанып, кейін жұмыс істемей қалған. Тағы бір мәселе, көшеде асфальттің жайы. Екі жыл бұрын кәріз құбырларын тарту үшін жол қазылған, алайда жұмыстар әлі күнге дейін аяқталмаған. Әкімдік пен коммуналдық қызмет өкілдеріне бірнеше рет жүгінгенімен, жағдай өзгеріссіз қалып отыр. 

Біраз уақыт бұрын бұл көшенің тұрғындары жаңа шамдар орнатылғанына қуанып еді, алайда олар үш-ақ апта жұмыс істеген. Содан бері кешкісін көше қап-қараңғы. Асфальт та жоқ — кәріз жүйесін жүргізу үшін қазылған жол әлі жөнделмеген. Тұрғындар әкімдікке бірнеше рет шағымданғанымен, нәтиже шықпаған.

Феруза Рузметова,  Шымкент қаласының тұрғыны: «Бірінші мына жолды айтамын. Жолымыз асфальт еді, өзі жақсы еді. Екі машина өтетін еді. Одан соң бізде кәріз жүйесін қазып өтті 2 жыл болды. Өздері топырақты тегістеп қойып кетті, оны өзіміз тегістеп жол салып алдық. Әйтпесе жаңбырдан кейін жолдың бәрі лай, балшық болды. Өзіміз жолды төсесек те жақсы емес, мына жерде садик бар, көшеде свет жоқ. Магазинге барсақ, мына көшемен барып, қайтамыз. Осы жерде 6-7 көше болса, ең жаманы біздікі».

Әкімдіктің айтуынша, «Мирас» шағынауданының жобасы 2019 жылы басталған. Жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілуіне байланысты мерзім шегерілген. Дегенмен, энергетика және инфрақұрылым басқармасының сөзінше, Маусым көшесіндегі жұмыстар аяқталуға жақын: жыл соңына дейін құбыр тарту және абаттандыру жұмыстарын толық бітіру жоспарланып отыр дейді.

Олжас Төлен, Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылым басқармасы сумен жабдықтау бөлімінің басшысы: «Маусым көшесінің жобасынан қате кеткен: құжатта 5 см деп көрсетілген, ал іс жүзінде 17 см болып шықты. Қазір бұл мәселе шешілуде. Қаратау ауданы әкімдігі мен жобалау ұйымымен техникалық кеңестер өткізілді. Жыл соңына дейін барлық айтылған мәселені шешуге тырысамыз».

Сондай-ақ қаладағы көлік және автомобиль жолдары басқармасы алдағы күндері Маусым көшесіне көше жарығын қосу үшін бригада жіберілетінін мәлімдеді. Ал асфальт төсеу қыркүйек айына жоспарланған, бірақ ол тек кәріз жұмыстары толық аяқталғаннан кейін ғана басталады.

Ботакөз Әнуар