Шымкентте дрондар көмегімен экологиялық тәртіп бұзушылықтар анықталды. «Таза қала» экологиялық акциясы аясында полиция қызметкерлері абаттандыру ережелерінің бұзылуын анықтау және алдын алу мақсатында күнделікті рейдтік шаралар жүргізуде. Мақсат — экологиялық қауіпсіздік пен қала тазалығын сақтау. Сондай-ақ, абаттандыру қағидаларын бұзу деректерін анықтап, құқық бұзушылықтардың жолын кесу.
Қала аумағында «Таза қала» акциясы аясында полиция қызметкерлері күнделікті рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруда. Нәтижесінде дрон арқылы қоқысты рұқсат етілмеген орынға төккендер анықталды. Яғни, жүк көліктері қалдықтарды арнайы белгіленбеген жерге тастаған.
Құқық бұзушылар жедел анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, дрондарды қолдану – қолжетімсіз аймақтарда экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алуға тиімді құрал.
Полиция қала тұрғындарын абаттандыру қағидаларын қатаң сақтауға шақырып, тек ортақ күш-жігермен тазалық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге болатынын еске салды.
Нұргүл Жолымбетова