Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған халық қалаулысы 4 күнге қамауға алынды. Сонымен қатар, 1 жыл бойы көлік тізгіндей алмайды. Ол аздай, «AMANAT» партиясынан сөгіс алды. Депутат соттан өзіне жеңіл жаза тағайындауды сұрап, жалған нөмірлі көлігін білместіктен айдап кеткенін айтқан.
Бәйдібек аудандық мәслихаттың депутаты Ерғали Аманбаев жол қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзғаны үшін 4 күнге қамауға алынды. Мұнымен қоса, 1 жыл бойы көлік басқаруға тыйым салынды. Ол сотта кінәсін мойындап, қатаң жаза тағайындамауды сұраған. Айтуынша, жалған нөмірді көлікке інісі тағып қойған. Ал, бұл соны байқамай қалған көрінеді.
Әкімішілік істі қарау нәтижесі бойынша анықталғаны: «2025 жылғы 20 тамызда құқықбұзушының басқаруындағы маркасы Lexus LX 570 автокөлігін тексеру барысында, осы автокөлікке тағылған 777… санды мемлекеттік тіркеу нөмірі басқа автокөлікке тіркелгендігі анықталған. Оның кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасымен, бейнетаспамен және айғақты заттарды тәркілеп алу актімен дәлелденеді. Тараптардың соттағы пікірі бойынша, Сотта құқықбұзушы автокөлігіне басқа автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін інісі тағып қойғанын, байқамай көлікті басқарғанын айтып, соттан қатаң жаза қолданбауын сұрады».
Шымкент қаласының соты
Сонымен қатар, депутатқа аудандық партиялық бақылау комиссиясының ұсынысы бойынша «сөгіс» жарияланды.
«Ол жасаған құқық бұзушылықтардың сипатын ескере отырып, «AMANAT» партиясы Бәйдібек аудандық филиалы Саяси кеңесі Бюросының шешімімен, аудандық партиялық бақылау комиссиясының ұсынысы бойынша Ерғали Аманбаев «сөгіс» түрінде партиялық жауапкершілікке тартылды. Жалпы, «AMANAT» партиясы депутаттардың партия Жарғысын, сондай-ақ партия мүшесінің Әдеп кодексін сақтауын мұқият қадағалайтынын атап өткен жөн».
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі
Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желіде лексус 570 көлігін тізгіндеген Аманат партиясының депутаты Ерғали Аманбаевтың видеосы тараған болатын. Ол Шымкенттегі қала көшелерінің бірінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған.
Яғни, жол ортасында жас баланы түсіріп кетеді. Мұнан соң, артқа қарай жүріп, видео түсіріп тұрған адамға жолығады. Ол аздай, қарсы жолаққа тоқтаған. Заңды белшеден басқан халық қалаулысының заңсыз әрекетіне қалалық департаменттің өкілдері алты баппен хаттама толтырған болатын.
Нұргүл Жолымбетова