Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Бұл негізгі құқықтық қағидалардың бірі. Дегенмен бүгінде жол-көлік оқиғалары жиілеп тұрған шақта әр жүргізуші жол ережелерін сақтап, заңға бағынғаны абзалырақ, әрине. Жыл басынан бері Шымкент қаласында жол ережесін бұзу фактілері бойынша 604 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталып, әкімшілік хаттама толтырылған. Көлік жүргізушілерінің басым бөлігі қауіпсіздік белдігін тақпау, жол белгісі талаптарын орындамау, өзге авткөлікке қасақана кедергі келтіру сынды құқықбұзушылыққа жол беріп жатады. Бүгінде Шымкент қалалық полиция департаменті тарапынан әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіліп отырады. Соның арқасында көптеген жол ережелерін бұзу фактілері анықталуда. Осы арыз шағымдар арқылы хаттама түзіледі. Бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету, бір -біріне жол бермей ерегіскен екі жүргізуші арасында түсінбеушілік, әсіресе жастар арасында «сән» болған дрифт жасаудың басым бөлігі осы әлеуметтік желілер арқылы анықталып отыр. Қазіргі таңда қалада көлік кептелісі көп. Әсіресе кешкілік мезгілдерде жол апаттары жиі орын алады. Қаладағы «қара белдеу» яғни, жол апаттары жиі орын алатын аймақ деп тәртіп сақшылары Бәйдібек би мен Қ.Төлеметов көшелерінің және Д.Қонаев пен Тәуке хан даңғылын атайды. Өйткені аталмыш көшелерде көлік ағыны көп. Сондықтан да мұнда жол апаттары орын алуда. Дегенмен Шымкент қалалық ПД Патрульдік полиция полкінің аға қызметкері Сұңғат Мақсатұлы Абилов жол апаттары былтырғыға қарағанда 18 пайызға төмендегенін айтып отыр. Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелеріне қатысты енгізілген өзгерістер туралы да айтып өтті. «Жүргізушілер жолаушы тасымалдау қағидасын бұзбауы тиіс. Жолаушылар да жүргізушіге зиянын тигізбеуі керек. Мәселен, жолаушылар көліктен басын шығарады. Бұл өз кезегінде қауіп тудырады. Мұндай жағдайда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 615 бабының 5 бөлігімен тиісті хаттама түзіледі. Ал жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 593 бабының 1 бөлігімен жолаушылар тасымалдау қағидасын бұзғаны үшін хаттама түзіледі. Жолаушыларға 10 АЕК, ал жүргізушіге 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұдан бөлек, көліктің алдыңғы терезесін күңгірттеуге тиым салынады. Артқы терезеге рұқсат етілген. Егер осы тиымға құлақ аспаған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 590 бабының 5 бөлігі бойынша бірінші кезде 5 АЕК айыппұл салынады. Ескерту қарастырылмаған. Ал екінші рет ұсталса осы баптың 10 бөлігі бойынша 20 АЕК айыппұл арқалайды. Сонымен қатар, арнайы автокөліктерге яғни, өрт сөндіру көлігі, жедел жәрдем, сигналын жағып келе жатқанда көлік жүргізушілері оң жаққа ығысып жол беруі керек. Ал олардың жолына кедергі жасағандарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 598 бабының 1 бөлігі бойынша 5 АЕК айыппұл салынады», — дейді Шымкент қалалық ПД Патрульдік полиция полкінің аға қызметкері Сұңғат Мақсатұлы Абилов.