Жаңа оқу жылынан бастап қауіпсіздік сабақтары өтеді

фото ОАМБҚ

1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық мектептерінде оқушылар үшін жеке қауіпсіздік тақырыбында қосымша сабақтар өткізіледі. Бұл бастама балалардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және түрлі төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын үйретуге бағытталған. Сонымен қатар, буллингтің алдын алу, киберқауіпсіздік, алғашқы көмек көрсету сабақтары да үйретілмек.

Енді жаңа оқу жылынан бастап, барлық білім беру мекемелерінде қауіпсіздік сабақтары өтетін болады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мен Бала құқықтарын қорғау комитеті бастамасы мәлімдеді. Осыдан біраз уақыт бұрын әлеуметтік желіде бұл жеке пән ретінде өткізіледі деген ақпарат тараған болатын. Дегенмен мамандар бұл аптасына бір рет сынып сағаты ретінде өтетін болады дейді.

Шолпан Айтбаева, Шымкент қалалық білім басқармасы әдістемелік орталығының директоры: «Жалпы бұл қауіпсіздік сабақтары бұрыннан жүргізіледі. Биылғы жылғы ерекшелігі міндетті түрде аптасына бір рет әр дүйсенбі бірінші сабақ тәрбие сабағының алғашқы 10 минутында балаларға арнайы бекітілген жас ерекшелігіне, даму деңгейлеріне қарай бекітілген тақырыптар бойынша сабақ өтілетін болады».

Сабақ баланың жас ерекшелігіне, қабылдау деңгейіне бөліп өтілетін болады. Мәселен, балабақша және бастауыш сынып оқушылары төменгі деңгей деп есептеледі. Бұл жастардағы бүлдіршіндерге өзін-өзі қалай ұстау, жеке қауіпсіздігі жайлы, өрт қауіпсіздігі,бөгде адамдармен бйланысқанда қандай әрекет жасау керектігі жайлы түсіндіріледі. Ал орта және жоғары деңгей оқушыларының жастарына сай тақырыптары да күрделене бермек.

Шолпан Айтбаева,  Шымкент қалалық білім басқармасы әдістемелік орталығының директоры: «Орта және жоғары буындарда жас ерекшелікке қарай интернеттегі қауіпсіздік, кибербуллингтен сақтану, төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету. Осы сияқты мәселелер қамтылып көрсетіледі. Бұл адал азамат біртұтас тәрбие бағытында да осы мәселелер бірінші кезекте қойып талқыланған. Себебі білім мен тәрбие екеуін ұштастыра отырып баланың денсаулығы мен білімі ең басты негіз болып табылатындықтан».

Мамандар, әр сабаққа интерактивті жаттығулар, пікірталас және практикалық кеңестер енгізілгенін айтады. Сабақ арқылы балалар қауіпті жағдайларды танып, дұрыс әрекет етуге және өзін қорғауға үйренеді.

Ботакөз Әнуар