Жастар – ел болашағы: Ұлттық рух пен жауапкершілік жолындағы тағылымды кездесу өтті

фото ШӨКҚ

 

12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай Шымкент қаласында жастардың рухани-адамгершілік дамуын қолдау, ұлттық болмыс пен елдік сана қалыптастыру мақсатында «Ұлт рухының жаршысы» атты мазмұнды кездесу өтті. Іс-шараны қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырып, шараға белсенді жастар, еріктілер, колледж және университет студенттері қатысты.

Кездесу аясында жастармен елдік мәселелер, ұлттық рух, мемлекеттің стратегиялық болашағы және жас ұрпақтың қоғамдағы орны жөнінде кең ауқымды пікір алмасу жүргізілді. Шараның құрметті қонағы – Шымкент қалалық «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер Аманат» кеңесінің төрайымы, қоғам белсендісі Гүлайым Аскерқызы Шунгараева болды.

Өз сөзінде Гүлайым Аскерқызы қазіргі жастардың білімге құштарлығы мен қоғамға деген белсенділігін ерекше атап өтіп, ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Ол елдік мүдде мен ұлттық бірегейлікті сақтау жолындағы жеке тәжірибелерімен бөлісіп, жастарды отансүйгіштікке, адалдық пен еңбекқорлыққа шақырды.

«Жастар – ел ертеңі ғана емес, бүгінгі қоғамның белсенді қозғаушы күші. Сондықтан олардың бойында жауапкершілік пен азаматтық ұстаным қалыптастыру – бәріміздің ортақ парызымыз. Ұлттық рухы биік жас ұрпақ қана Тәуелсіздікті баянды ете алады», – деді спикер өз баяндамасында.

Шара барысында қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – жастар арасындағы құқық бұзушылық пен нашақорлықтың алдын алу тақырыптары да қозғалды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, соңғы жылдары жастар арасында есірткіге тәуелділік деректері азайғанымен, бұл мәселе әлі де өзекті. Осыған орай, құқық қорғау органдары және қалалық Жастар ресурстық орталығы есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Білім беру мекемелерінде түсіндіру сабақтары ұйымдастырылып, ата-аналармен бірлескен кездесулер өтуде.

Кездесуде жастар өз ойларын ашық айтып, сұрақтарын қойды. Олардың ішінде – сапалы білім алу мүмкіндіктері, мемлекеттік қолдау бағдарламалары, жастар саясатының бағыттары және ел дамуына өзіндік үлес қосу жолдарына қатысты мәселелер болды.

Іс-шара соңында қатысушылар рухани шабыттанып, өз болашағы үшін жауапкершілікті тереңірек сезінгендерін айтты. Мұндай кездесулер – жас буынды тәрбиелеудің, ұлттық құндылықтарды насихаттаудың және жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттырудың тиімді жолдарының бірі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай рухани іс-шаралар жас ұрпақтың тұлғалық қалыптасуына, қоғамдық өмірге бейімделуіне және жат қылықтардан алшақ болуына ықпал етеді.

Жанна Құрманбекова