Жетісайда жоғалған жігіт табылмай жатыр

Түркістан облысы Жетісай ауданында 38 жастағы Мақсат Атабаев Шардараға қой айдап кетіп, жоғалып кеткен. Туыстары оны іздемеген жері қалмапты. 25 күннен бері хабар ошарсыз кеткен азаматты туыстары құлдыққа түсіп қалды ма деп алаңдайды.

«Терезеге қарап отырамын. Балам кеп қала ма, кеп қала ма деп».

Түркістан облысы Жетісай ауданының тұрғыны Бибісара Жәнібекова 25 күннен бері жалғыз ұлы 38 жастағы Мақсат Атабаевтан хабар болмай қан жұтып отыр. Бір күнде хабар-ошарсыз кеткен баласын күндіз-түні әне-міне келеді деумен жолына қарап отыр. Баласын жамандыққа қимаған кейуана амалы таусылған. Инсульт алып, жүруден қалған ол кімге барып, қандай көмек сұрауды білмей дал.

«Күніге жолына қарап тілеп отырмын. Құдайдан үміті болса, жүрегінде иманы болса оның да бала-шағасы бар ғой кім ұстап отырса да жіберсе қайтеді?!».

Мақсат Атабаев соңғы рет анасымен 2 тамыз күні түс қайта хәл-жай сұрасқан. Анасына амандығын айтып, Шардараға қой айдап кеткенін жеткізген. Күнде хабарласып тұратын баласы екі күн үнсіз жатқанына шыдамаған ана туысқандарына жұмыс орнына барып, іздеп келуін сұраған. Барғанда қойшының үйі құлыптаулы болған. Бибісара Жәнібекова ұлын әлдекімдер күшпен құлдықта ұстап отыр ма деп күдіктенеді.

Бибісара Жәнібекова, Мақсат Атабаевтың анасы: «Қашан келеді, қашан келеді деп күніге жолына қарап, түнде терезе тықыр ете қалса балам келіп қалды ма деп елеңдеймін. Машинаға мінген. Ол үйге қайтамын деген. Үйге қайтпай біреу алып кетті-ау соны деп ойлаймын. Анау шаршаған. Шаршаған соң машинада ұйықтап қалды деп тағы ойлаймын. Сонымен әлі жоқ. Күнде күнді есептеп отырамын».

Мақсат Атабаевтың тұрақты жұмысы болмаған. Шыққан жұмысты істеп, нәпақа тауып жүрген ол жалғыз анасымен бірге өмір сүрген. Атабаевты туыстары мен таныстары іздемеген жері қалмаған. Бірақ ізім-ғайым жоқ, таппаған.

Ұлжан Жәнібекова, Мақсат Атабаевтың туысы: «Портсьезд бар ма, Датқа ауыл бар ма, түкпір-түкпір бар ма, барлық жерді көрдік біз. Гараж бар ма, қай жерде тастанды нысан бар ма. Адам ізі бар барлығын көрдік. Мүмкін жуынамын деп түсіп кетті ме? Жоқ бір жерде ұйықтап қалды ма деп бәрін іздедік. Атын айқайлап тұрып, поля бар ма, ана полядан мына поляға өтіп, қазған жер бар ма, айдалған жер бар ма, шаң, топыраққа қараған жоқпыз. Бөлініп, Мақсат, Мақсат деп іздеп шықтық».

Мақсат Атабаевтың туыстары оны әлдекімдер ұрлап, жұмысқа салып қойды ма деп күдіктенеді. Бұған оның досының қатысы болуы мүмкін дейді. Ал полицияға Атабаевтың жоғалып кетуі бойынша шағым түсірген. Десе де олар, нәтиже болмай тұр деп қынжылады.

Дилара Иса