Бүгін қалалық мәслихат депутаттары қаладағы жылу маусымына дайындықты тексеріп шықты. Олар жылу беретін негізгі орталықтарға барып, әлеуметтік нысандарды да аралап қайтты.
Биылғы қыста шымкенттіктер жылусыз қалмайды. Мәслихат депутаттары осындай уәде беріп отыр. Ал мұны естіген тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Жалпы қалада жүргізіліп жатқан жұмыстарға халық оң бағасын беріп отыр.
Маржан Отарбаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Трубалардың бәрін ауыстырып, канализация бар ма, су жағы бар ма, жылу жағы барма, бүкіл бәрін ауыстырды. Енді мына жарық жағын істеп жатыр. Жарықты бітіреді. Подьезд бітеді. Бір аптаның көлемінде бітер бәрі. Балаларға рақметтен басқа ештеңе айтпаймыз. Көңілімізден шығады. Тамаша».
Бүгін халық қалаулылары жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тексеріп қайтты. Олардың сөзінше, мегаполистегі жылу желілері мен қазандықтардың жай-күйі қатаң бақылауда.
Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы: «Осы жылыту маусымына жауапты басқарманың басшысының айтуынша, осы құрылғының басшысының айтуынша шымкенттіктер осы қыста жаурамайды деп уәде беріп отыр. Біз оған сенейік. Әлі де зерделеу жұмыстары жүріп жатыр. Біздегі мақсат біреудің кемшілігін табу емес. Біздің мақсат кестеге сәйкес жұмыстың бәрі жүрсе, дер кезінде қаржы бөлінсе, барлық жұмыс сапалы істелсе деген мақсат. Бұл жерде әкімдіктің де мәслихкттың да мақсаты ортақ»
Айта кету керек, Шымкенттегі жылу желілерінің 37 пайызы ескірген. Қалалық билік бұл көрсеткішті 36 пайызға дейін төмендетуді көздеп отыр. Осы мақсатта дайындық жұмыстары сәуірде басталып, бүгінде бірнеше қазандықта жаңғырту шаралары жүргізіліп жатыр.
Ерболат Мамырхан, Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы: «Қазіргі таңда 33,3 км жылу желілерін ішкі орамдық ауыстыру жоспарлануда. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Тамыз айының 10-нан бастап жұмыстарға кірісу жоспарланып жатыр. Сонымен қатар артымызда көріп тұрған зданияның жұмыстары бұл модернизация. Осы әкімшілік іскерлік орталыққа модернизация жұмыстары. Қазіргі таңда бұл нысанға 1,4 млрд жұмыстар атқарылды. Алдағы уақытта 1,7 млрд респ бюджеттен нақтылау күтілуде».
Аралау соңында депутаттар жылыту маусымына дайындықтың кестеге сай жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Олар әсіресе, әлеуметтік нысандардағы жағдай жіті бақылауда екенін жеткізді. Айта кетсек, бүгінде қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасының жылыту жүйесі толық жаңартылып жатыр.
Лаура Бабас