Электрсамокаттар қауіпті ме?

Шымкентте орнына қойылмаған, ретсіз жатқан электрсамокаттарды полиция айыппұл тұрағына қойып жатыр. Бұл жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздігі үшін маңызды дейді полиция. Қазір электрсамокаттарды жалға берушілерге арнайы талаптар қойылып жатыр.

Шымкент қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында көшелерде ретсіз қалдырылған электорсамокаттарды айыптұраққа жеткізу жұмыстары басталды

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, көп жағдайда электрсамокаттарды көше ортасына не жолаушылар жолына тастап кетеді. Бұл кей жағдайда жол-көлік оқиғаларының орын алуына себеп болуда. Жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруына кедергі етеді. Енді ретсіз, қайда болса сонда қойылған электрсамокаттарға оны жалға беретін компаниялар жауапты болады.

Мақсат Мұсаев, Шымкент қаласы Полиция департаменті патрульдік полиция полкінің рота командирі: «Патрульдік полиция қызметкерлері рейдтік іс-шаралар жүргізіп, заңсыз қалдырған электрсамокаттарды арнайы айыптұраққа қойып жатыр. Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұл шара ең алдымен жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған».

Полиция рейд кезінде ондаған электрсамокаттарды айыптұрағына қойған. Дегенмен әлі де жол бойында ретсіз жатқан электрсамокаттарды байқауға болады.

Шындығында электрсамокаттар жолаушылар мен жүргізушілерге кедергі етіп жатыр ма? Оның болуы қауіпті ме? Бұл туралы тұрғыдардың пікірі әрқилы.

БЛИЦ:

«Қалада жүрсе жүре берсін. Бірақ қауіпсіздікті сақтап жүру керек. Ұшы-ы-ып барып, біреуді соғып кетпей. Ондай жағдайлар болып жатыр ғой. Сол байқап айдаса болады ғой. Тәртіппен. Жолда жүргенде де машина жүретін жолға шығып кетеді. Қараңғыда. Мысалы, біз жүргізуші болған соң байқамаймыз ондайды кейде. Гавариттері, светтері жанбаса білмей қаласың. Қауіпті сол үшін. Арнайы жолмен жүрсін, содан кейін ереже сақтап жүрсе ештеңе етпейді».

«Дұрыс емес деп ойлаймын. Қазір жастар жұмыс істеп жүр. Табыс тауып жүр ғой. Өзінің жолымен жүрсе, соған орын салып берсе, велосипед жүретін жолақтар. Сондай жағдай жасаса болды ғой».

Енді полиция жаяу жүргіншілер жолы мен көшелерде тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында электрсамокаттарды жалға беретін компанияларға бірнеше талап қойып жатыр. Мысалы, полиция мобильді топтар құрып, ретсіз қалдырудың алдын алу, мобильді қосымшаларда самокатты арнайы тұраққа қоймай тұрып, сапарды аяқтауға тыйым салатын жүйе енгізу, жаяу жүргіншілер аймағында, саябақтарда, жағалауда және көпшілік іс-шаралар кезінде самокаттарды автоматты түрде сөндіруді қамтамасыз ету қажет деп есептейді. Егер бұл талаптар орындалмаса қайда болса сонда жатқан электрсамокаттардың орны айыптұрақтарда болмақ.

Дилара Иса