Түркістан облысының прокуратурасы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады. Тексеру нәтижесінде 86 отбасының әлеуметтік көмекті заңсыз алып, мемлекетке 17 миллион теңге көлемінде шығын келтіргені белгілі болды.
Мақсат Жүсіпбай, Түркістан облысы прокурорының көмекшісі: «Статистикалық деректерге сәйкес, 2025 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 91 мың адамды құрап, соңғы үш жылда бұл көрсеткіштің айтарлықтай төмендегені байқалады (2023 ж. – 168 мың адам, 2024 ж. – 97 мың адам). Алайда талдау нәтижесінде, жоғарыда көрсетілген жекелеген отбасылар өтініш берген кезде бір мекенжайды көрсеткендері белгілі болды.Одан бөлек 56 өтініш бойынша жалған қорытындылар жасалып, 9,7 млн. теңге заңсыз төленген».
Сонымен қатар, тексеру нәтижесінде, 22 отбасының өз меншігіндегі автокөлік, жер телімі және өзге де мүлікті жасырғаны, ал 13 отбасының нақты табысын көрсетпегені белгілі болды. Аталған заңбұзушылықтар бойынша прокуратура әкімдікке заңдылықты қалпына келтіру және бюджетке 36 млн. теңгеден астам қаражатты қайтару туралы ұсыныс енгізді.
Қазіргі уақытта әкімдік тарапынан акт қаралып, анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Нұргүл Жолымбетова