182 шымкенттік қаруды заңсыз сақтағаны үшін жауапкершілікке тартылды

Шымкентте қаруды рұқсатсыз сақтаған 182 жергілікті тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері қару иелерінің тұрғылықты мекенжайларына барып, тексеру жұмыстарын жүргізді. Мақсат, қаруды сақтау және тіркеу тәртібін бұзу жағдайларын анықтап, құқықбұзушылықтың алдын алу.

Үшінші мегаполисте «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 70 — тен астам азамат қаруды заңсыз сақтағаны анықталды. Олардың басым көпшілігі суық қаруды сақтау тәртібі мен ережелеріне бас қатырмаған. Яғни, оны тіркеу тәртібін бұзған. Осыған байланысты тәртіп сақшылары үйме-үй аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, заңсыздыққа жол бергендердің қаруын тәркіледі.

Айта кету керек, биыл жыл басынан бері 543 әкімшілік шара көрілген. Анықталған құқықбұзушылықтар бойынша тиісті әкімшілік хаттамалар толтырылды. Ал, оның ішінде қаруға берілген рұқсат мерзімінің өтіп кетуіне байланысты 73 құқық бұзушылық фактісі тіркелді. Бұл деректер қару иелері арасында заң талаптарын сақтау деңгейінің төмендігін көрсетеді дейді құзырлы орган қызметкерлері.

Шымкент қалалық Полиция департаменті қару иелеріне қару айналымы саласындағы заңнаманы қатаң сақтауға шақырады. Айта кету керек, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және «Заң мен Тәртіп» қағидатын алға жылжыту мақсатында мұндай рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізілетін болады. Құқық қорғаушылар қала тұрғындарына заң талаптарын сақтауды ескертіп, түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіп отыр.

Нұргүл Жолымбетова