«35 млн. теңге жұмсалған»: 8 мұқтаж отбасыға пәтер берілді

Түркістан қаласында 8 отбасы баспанаға ие болды. Пәтер кілтін облыс әкімі Нұралхан Көшеров өзі табыстады. Аталған көмек көпбалалы және толық емес отбасыларға демеуші қолдауымен берілді. Үй иелерінің қуанышы тілшіміздің материалында.

«Бүгін мен үшін және менің отбасым үшін өте қуанышты күн болып тұр».

Түркістан қаласындағы Үшқоңыр көшесінен мұқтаж жандарға 3 бөлмелі пәтер берілді. Баспананың аумағы 68 шаршы метрді құрайды. Үйлі болу бақыты бұйырғандардың бірі Кенжегүл Бибекова. 3 баласы, 3 немересі бар жалғызбасты ана 5 жыл кезекте тұрғанын айтады. Жалдамалы үйге көшіп-қонудан қажыдым деген ананың бүгінгі қуанышы ерекше.

Кенжегүл Бибикова, Қала тұрғыны: «Жалғызбасты анамын. Мына үйге кезекте тұрғаныма 5 жыл болды. Бүгін сәтін келіп үйіміздің кілтін алып жатырмыз. Әкімшілікке мың алғыс. Әйтеуір жетімін жылатпады ғой әйтеуір. Мың алғыс барлықтарыңызға. Қанша пәтерде жүрдік. Немерең болған соң квартираға да алмайды екен ше. Мың алғыс барлықтарыңызға».

Осы күнді тағатсыздана күткендердің қатарында Гүлжан Сүгірбаева да бар. Баспанаға қол жеткізу басты арманы болған жалғыз басты ана, бұған дейін едені суық цемент үйде де тұрғанбыз дейді.

Гүлжан Сүгірбаева, Қала тұрғыны: «Бүгін мен үшін және менің отбасым үшін өте қуанышты күн болып тұр. Өйткені жаңа баспанаға қол жеткізгелі тұрмын. Қазір бірнеше минуттан соң кілттерімізді аламыз. Құдай қаласа. Аллаға шүкір. Алдымен Алла содан соң осы Түркістан қаласының әкімшілігіне, демеушілерге көп көп алғысымды айтамын. Осы үйді армандағаныма қанша жыл болды».

Мұқтаж отбасыларға берілген баспана 2 тұрғын үйде орналасқан, 4 пәтерден тұрады. Үй әлеуметтік қолдау шаралары аясында демеушілердің көмегімен салынған. Құрылысы 2025 жылдың мамыр айында басталып, тамызда толық аяқталған. Салаға жауаптылар мұндай көмек бұған дейінде жасалып келгенін және бұл әдемі үрдіс алдағы уақытта да тоқтамайтынын айтады.

Талғат Үсенбаев, Түркістан қаласы тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы: «Қазіргі таңда біз облыс әкімнің тапсырысымен және қала әкімінің ұйымдастыруымен мына 8 пәтерді беруді жоспарлап отырмыз. Бұған дейін Түркістан қаласында кезектегі азаматтарға 432 пәтер үлестірілді. Жыл соңына дейін қосымша 6 үй 512 пәтер берілу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда біз осы демеушілер тарапынан салынған пәтерлерімізді осы Түркістан қаласындағы мұқтаж азаматтарға беруді жоспарлап отырмыз».

Айта кетейік, жобаға 35 млн. теңге қаржы жұмсалған. Әрі күнделікті тұрмысқа қажетті барлық қажеттілікпен қамтылған.

Ботакөз Әнуар