55 адам суға кеткен: Шомылу маусымы жабылды

Түркістан облысында шомылу маусымында 11 адам суға батып, мерт болды. Олардың алтауы – бала. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті өңірлік коммуникация қызметінде хабарлады.

Бүгін Түркістан облысында ресми түрде шомылу маусымы жабылды. Осыған орай облыстық төтенше жағдайлар департаменті қорытынды мәліметтерін жария етті. Департамент дерегінше, жыл басынан бері түрлі жағдайда 55 адам суға кеткен. Олардың 25-і бала.

Дүйсен Оразгелді, Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы: «Төтенше жағдайлар министрлігінің критерийіне сәйкес, шомылу маусымында есепке алынғаны 11 адам. Оның ішінде кәмелет жасқа толмағаны 6 адам. Былтырғы жылы осы уақытта 16 адам болса, олардың бесеуі – бала».

Дүйсен Оразгелдінің мәлімдеуінше, биыл бірнеше жұмыс қолға алынған. Мысалы, Су кодексіне өзгерістер енгізілген. Одан бөлек облыс әкімі белгіленген жерге суға түсу туралы жеке қаулы шығарған. Қаулыға сай облыс бойынша 27 шомылу аймағы ашылған.

Дүйсен Оразгелді, Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:  «Су қауіпсіздігін бұзған 1541 адамға айыппұл салынды. Сонымен қатар жеке 3 тұлғаға және 3 кәсіпкерге салынды. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасын табады. Біздегі көп суға кету жағдайы ата-ананың балаларын қараусыз қалдыру салдарынан болған. Және ересек адамдардың ішімдік ішіп су айдындарында суға батып кету жағдайы тіркеліп отыр».

Төтенше жағдайлар департаменті оқу жылы басталғанда ата-аналарды балаларды бақылаусыз қалдырмауға шақырады. Мұның соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін деп қауіптенеді. Мысалы, өткен жылы қыркүйек айында 2 бала суға кетіп, мерт болған.

Ресми мәліметке қарағанда, өткен жылы осы мерзіммен есептегенде, 55 адам суға батып кеткен. Олардың 31-і бала болған. Ал шомылу маусымында 16 адам суға тұншығып, қайтыс болған. Айта кетейік, облыста шомылу маусымы маусым айынан басталып, қыркүйек айына дейін жалғасады

Дилара Иса