70 млн. теңге: 52 азамат алаяқтың құрбаны болған

Алаяқтық жасап, шетел асып қашқан күдікті Түркия елінен ұсталды. Ол, Шымкент қаласында өзге тұлғалармен алдын ала сөз байласып, автокөлік сатылады деген жалған хабар таратқан. Салдарынан, 52 азамат алаяқтық құрбанына айналып, сан соғып қалған. Арам ойын жүзеге асырған күдіктіні қандай жаза күтіп тұр? 

Ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікпен Түркиядан қазақстандық азамат экстрадицияланды. Еліміздегі құзырлы орган өкілдері, Түркия Республикасының жауапты мамандарымен бірлесіп, алаяқтық қылмысы бойынша халықаралық іздеуде жүрген Қазақстан азаматын елге қайтарды. Ол осыдан екі жыл бұрын 50 — ден астам азаматтың сенімін теріс пайдаланып, қалтасын қағып, кейіннен ізін суытты деген күдікке ілініп отыр. Яғни, төмен бағада автокөлік сатамын деген жалған хабарлама таратқан.

Ерлан Жанпейісов, ҚР Бас Прокуратураның ресми өкілі: «Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы және Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің және Түркия Республикасының құзыретті органдарының көмегімен бірнеше рет алаяқтық бойынша іздеуде жүрген Қазақстан азаматын Түркиядан елге қайтарды. Ол 2023 жылы Шымкент қаласында басқа адамдармен алдын ала сөз байласып, интернет-алаңда нарықтық бағадан төмен бағамен автокөлік сатылады деген жалған хабарландырулар орналастырған. Заңсыз әрекеттердің салдарынан 52 жәбірленуші жалпы сомасы 70 млн. теңгеден астам қаражаттан айырылды».

Айта кетейік, қылмысқа қатысы бар тұлғалардың бұған дейін де түрлі қылмыстар үшін сотты болғаны анықталды. Күдікті арам ойын жүзеге асырған соң, ізін жасырып шетел асқан. Алайда, оған халықаралық іздеу жарияланып, нәтижесінде, ол 2025 жылғы тамыз айында Түркия аумағында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды.

Ерлан Жанпейісов, ҚР Бас Прокуратураның ресми өкілі: «Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Ол мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін».

Бас прокуратура азаматтарға интернет арқылы сауда жасағанда барынша мұқият болуды, тексерілмеген дереккөздерге сенбеуді және күмәнді ұсыныстарға алданып қалмауды ескертеді. Айта кетейік, құқық қорғау органдары қылмыскерлерді анықтап, қай елде жасырынса да жауапкершілікке тарту үшін жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр.

Нұргүл Жолымбетова