Абай ауданында тозығы жеткен ойын алңшалары жаңартылып жатыр

Абай ауданында жыл соңына дейін барлық көше 100 пайыз жарықтандырылмақ. Бұл туралы аудан әкімі Шәкір Сұлтанхан мәлімдеді. Оның айтуынша, аудан тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Соның ішінде көше жарықтандыруы мен жылу маусымына дайындық ерекше назарға алынған.

Абай ауданында тұрғындардың қолайлы тұрмысын қамтамасыз етуге ерекше мән беріліп отыр дейді аудан әкімі. Оның айтуынша, былтыр аудан көшелерінің небәрі 15 пайызы ғана жарықтандырылған болса, биыл бұл көрсеткіш айтарлықтай жақсардған. Бүгінде аудандағы 954 көше жарықтандырылып, жыл соңына дейін барлық көшелерге жарық шамдарын орнату жоспарланған. Бұдан бөлек, жолдарды жөндеу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, аудан аумағында 1274 көше бар болса, оның 800 ге жуығы асфальт. Ал, қалған 430 дан астам көше тас жол.

Сонымен қатар, аудан аумағында қысқы жылу маусымына дайындық та жоғары деңгейде жүргізілуде. Аудан аумағындағы 255 көпқабатты тұрғын үйдің барлығы жылыту маусымына толық дайын. Ал, бірқатар нысандар да сығымдау жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек, мемлекеттік мекемелерде қысқа сақадай сай дейді аудан әкімі.

Аудан аумағында ойын алаңшаларын жаңарту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, биыл тозығы жеткен және кепілдік мерзімі өткен 65 балалар ойын алаңшалары болса, олардың 45 ретке келтіріліп, жаңартылды. Айта кетейік, халық қатысатын бюджет аясында Абай ауданына 1 млрд. 990 млн. теңге қаралған. Бұл сомаға гүлзар салу, спорт, ойын алаңшаларын салу жұмыстары қарастырылған.

Нұргүл Жолымбетова