Әкімнің көшпелі кездесуі аяқталды

фото ШӨКҚ

Шымкент әкімінің көшпелі кездесуі аяқталды. Шаһар басшысы бір апта бойы тұрғындардың алдына барып, олардың өтінішін тыңдады. Жиында түрлі мәселе көтеріліп, тіпті әкім-қараларды «қорқытқандар» да кездесті.

«Мен далада қалсам, сіздің әкімшіліктің алдына барып, бала-шағаммен жатып аламын сол жерде. Енді қайтеміз енді үйді аламасақ қайда барамыз? Дуана болып көшеде жүремін ба не істеймін?!»

Бұл 10 жылдан бері үй кезегін күткен көпбалалы ананың сөзі. Әйелдің мүгедек балалары бар, сондықтан баспана мәселесі ол үшін өзекті болып тұр. Төзімі таусылған келіншек өзіне қашан пәтер бұйыратынын сұрап, әкімнің алдына келді.

«Кезекте тұрмын. 300-ге келіп қалып еді, отбасы банкке өткізіңіз деді. Қазір 15 мың болды. Сонда мен қашан аламын? Тағы 10 жыл күтемін ба сонда? Квартирадағы үйдің егесі үйді сатуға қоямын деп жатыр. Ол сатуға қойса, мен қайда барамын?»

Бүгінде 87 мың шымкенттік үй кезегінде тұр. Оның 18 мыңнан астамы әлеуметтік осал топтағы жандар. Сондықтан болар, қазір осындай жеке мәселемен келіп, әкімді «қорқытатындар» көбейген. Ал шаһар басшысы барлығы заң аясында шешіледі деген ұстанымда.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Менің қолымнан келсе көмектесетін едім. Бірақ жаңағыдай қорқытып, жатып аламын, үйтем бүйтем деген болмайды. Мен қорықпаймын одан. Есіңізде болсын. Заңмен сөйлесеміз. Келсеңіз ондай ниетпен»

Көшпелі кездесулерде жұрт негізінен күнделікті тіршілікке қажет мәселелерді айтады. Бірі жолдың нашарлығын, енді бірі ауызсудың жоқтығын сөз етеді. Еңбекші ауданының тұрғыны тіпті су құбырларының сапасына шағымданды.

Алайда жүргізілген тексеріс нәтижесінде аталмыш құбырлар тұрғындардың өз қарамағында екені белгілі болды. Сол себепті мамандар мәселені шешу әкімдік құзыретіне кірмейтінін айтып, тұрғындарға қажетті түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Осылайша, аптаға созылған жүздесулерде халықтың сан алуан мұңы тыңдалды. Әрбір өтініш назардан тыс қалмай, жауаптылар талдау жасап, іске кірісіп кетті.

Лаура Бабас