Шымкентте ұйымдастырылған Global Tech Wave Central Asia конференциясының екінші күні ауқымды сессиялармен есте қалды. 120-дан астам спикер технологиялар, стартаптар мен инновациялар жайлы пікір алмасып, өз жобаларын көрмеде таныстырды.
Global Tech Wave халықаралық конференциясының екінші күні де ерекше өтті. Әртүрлі секцияларда лекциялар жүргізіліп, қатысушылар өз тәжірибесімен бөлісті. Келушілер арнайы ұйымдастырылған көрмеде қызықты жобалар мен технологияларды көріп, қатысушылармен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Бұл Робот смартфонмен басқарылады, сондықтан қонақтар оның мүмкіндіктерін оңай көре алады. Қазір роботта шамамен 20 функция бар, ал студенттер оларды 50-ге дейін көбейтуді жоспарлап отыр, сол арқылы оны пайдалану қызығырақ әрі әртүрлі болады.
Ернар Жанабаев, студент: «Сонымен қатар, роботтың функцияларын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Қазір ол шамамен 20 функцияға ие, ал біз оны 50 функцияға дейін көбейткіміз келеді»
Шымкенттегі конференцияға Лос-Анджелестен келген танымал гейм-дизайнер Томо Мариуаки қатысты. Ол Қазақстан жастарының шығармашылық әлеуетіне сенім білдіріп, технология мен өнердің тоғысуы туралы тәжірибесін бөлісті. Қатысушылар оның әңгімесінен шабыт алып, өз жобаларын батыл жүзеге асыруға және инновациялық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға талпынды.
Томо Мариуаки, гейм-дизайнер: «Мен гейм-дизайнмен 25 жылдан бері айналысып келемін, оның ішінде Spider-Man ойыны да бар. Мұнда стартаптардың болашағы керемет деп ойлаймын. Қазақстан жастарының әлеуеті үлкен, ал 2025 жылы жас болып, жаңа құралдарға қол жеткізу әлемге есік ашады. Ең бастысы – қызығушылық пен мотивация. Енді жастардың өз дауысы болуы және болашақты өз қолына алуы керек»
Конференцияға қатысушылар алдында MEGOGO халықаралық компаниясының Орталық Азиядағы өкілі де сөз сөйледі. Бүгін ол шағын бизнестен ірі нарық ойыншысы болуға қалай жетуге болатынын айтып, өз тәжірибесі мен практикалық кеңестерін ұсынды.
Нұрлан Чукубаев, «MEGOGO» компаниясының өкілі: «Бұл, бәлкім, өз бизнесін ашуды ойлап жүргендерге қызықты болар. Біз өз жетістігіміз бен оқиғамызды жаңа стартаперлерге жеткізгіміз келеді»
GLOBAL TECH WAVE – стартаптар, инновациялар мен кәсіпкерлікке арналған халықаралық платформа. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бағдарлама әлемнің түкпір-түкпірінен келген жас кәсіпкерлерді, инвесторларды және сарапшыларды тәжірибе алмасуға, білім алуға және шабыттануға шақырады. Шараның негізгі мақсаты – стартаптарды қолдау және дамыту.
Жанель Байназар, «Global Tech Wave» ұйымдастыру бөлімінің команда мүшесі: «Шымкентте мұндай шара алғаш рет өткізіліп жатыр. Форумға өңірдің түкпір-түкпірінен қатысушылар келді және әртүрлі секциялар өтті. Қонақтар Қазақстаннан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, сондай-ақ АҚШ пен Ұлыбританиядан келді»
Global Tech Wave конференциясы келесі жылы Үндістанда жалғасады. Ұйымдастырушылар әлемнің түкпір-түкпірінен сарапшыларды, инвесторларды және стартаптарды шақырып, елдер арасындағы технология мен инновацияны дамытуға ұмтылады.
Лаура Бабас