Түркістан облысында ондаған отбасы шынайы табысы мен отбасы мүшелері туралы жалған ақпарат беріп, атаулы әлеуметтік көмек алған. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті.
Түркістан облыстық прокуратуразы мемлекеттен заңсыз атаулы әлеуметтік көмек алған ондаған отбасы анықталды. Олар табысы мен мүлкін, оған қоса бірге тұратын адам санын қолдан азайтып көрсеткен.
«Прокуратура органдары атаулы әлеуметтік көмек алу үшін азаматтардың өздерінің нақты табыстарын және жұмыс істейтін отбасы мүшелерінің санын жасырған фактілерін анықтады. Атап айтқанда, Сарыағаш, Келес және Мақтаарал аудандарының тұрғындары табыстарын жасырғаны үшін мемлекет қаржысынан 4,2 млн теңгені заңсыз иемденген»
Түркістан облыстық прокуратурасы
Мысалы, прокуратура дерегінше, Келес ауданында 13 адам өтініш беру кезінде отбасымен бірге тұратындарды әдейі жасырып қалған. Сөйтіп жиынтық табысты азайтып, кедейшілік шегінен аспауға тырысқан. Нәтижесінде 2,2 млн теңгені заңсыз алған. Жалпы атаулы әлеуметтік көмек отбасын қиын жағдайдан шығару, ақшалай қолдау және еңбекке қабілетті адамдарды жұмыспен қамту мақсатында тағайындалады.
«Атаулы әлеуметік көмек мыналарды көздейді:
— табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
— табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру;
— жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу»
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, дәл қазір Қазақстанда 50 мыңнан аса отбасы, нақтырақ айтқанда 271 мыңнан аса адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Оған мемлекеттен 22 миллиард теңгеге жуық ақша бөлінген. Айта кетейік, ресми мәлімет бойынша, өткен жылы 9500-ден астам өтбасы немесе 50 мыңнан артық адам өзі туралы жалған ақпарат беріп, шынайы кірісін жасырып қалған.
Дилара Иса