Алғашқы кеңірдек бифуркациясының резекциясына сәтті ота жасалды

Шымкент қалалық онкологиялық орталықта алғаш рет кеңірдек бифуркациясының резекциясына сәтті ота жасалды. Күрделі операция жасалған 37 жастағы науқастың қазір жағдайы жақсарып, палатаға ауыстырылды. Тың әдіспен жасалған ота жайында толығырақ алдағы бейнематериалда.

Шымкенттегі онкологиялық орталық дәрігерлері елімізде алғаш болып кеңірдек бифуркациясына резекция отасын жасады. Отаның күрделілігі соншалық, хирургтар бір мезетте кеңірдек пен бронхтарда орналасқан ісікті ашық әдіспен алып тастап, тыныс алу жолдарын қайта қалпына келтірді. Қазір науқастың жағдайы тұрақты, ол палатаға ауыстырылған.

Бүгін Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Дүйсенбаева орталықта болып, ота жасалған науқастың жағдайымен танысты. Ол науқаспен тілдесіп, медицина қызметкерлеріне жоғары кәсіби еңбектері үшін алғысын білдірді. Оның айтуынша, аса күрделі операциялар қатарына жататын ота тек қаламызда ғана емес еліміздің онкологиялық диспансерлері арасында алғаш рет жүзеге асырылып отыр.

Мұндай күрделі отаны Шымкент онкологиялық орталығы Ресейдің Н.Н. Петров атындағы онкология ұлттық медициналық зерттеу орталығымен тәжірибе алмаса отырып жасады. Операция барысында онкохирургтар жоғары технологиялық әдістерді қолданып, командалық үйлесімділіктің арқасында сәтті нәтиже көрсетті.

Айта кетейік, соңғы жылдары онкологиялық орталықта кіші инвазивті лапароскопиялық операциялармен қатар жергілікті тамырішілік химиотерапия, сүйек ісіктерінде буын ауыстыру сияқты заманауи емдеу әдістері кеңінен енгізілуде. Соның нәтижесінде соңғы 5 жылда Шымкент қаласында онкологиялық сырқаттарды емдеу көрсеткіштері жақсарып, қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың сауығып кету мүмкіндігі артты.

Лаура Мамырова