Енді жасы жеткен ер азаматтарды кез — келген жерден баса-көктеп әскерге алып кетуге тыйым салынады. Олар отан алдындағы борышын өтеуге өз еркімен, заң аясында толық тексеруден өтіп, баруы тиіс. Егер, әскерден жалтарған жағдайда, бір жылға қамауға алынады немесе айыппұл арқалайды. Бұл туралы Қарулы күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департамент бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев баспасөз жиынында мәлімдеді.
Елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Жоспарға сай биыл еліміз бойынша 22 мың сарбаз әскерге баруы тиіс. Шақырту электронды түрде эгов порталы немесе смс хабарландыру арқылы жіберіледі. Егер мұндай мүмкіндік болмаған жағдайда, дәстүрлі құжат жүзінде жеткізіледі. Әскерге шақырылушыға хат жіберілген соң, ол 3 күн ішінде жауап беруі тиіс. Мамандар сөзіне сүйенсек, берілген уақытта жергілікті мекемеге себепсіз бармау жағдайында жауапқа тарту қарастырылған.
Фархат Айдарбаев, Қарулы күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары: «Жаңағы әкімшілік кодекстің 647 бабына сай егерде әскери шақыру орган басқармасына келмейтін болса ол жерде 5 айлық есептiк көрсеткiш айыппұл салынады. Келіп бірақ мед сараптамадан қашса ескерту немесе 3 АЕК салынады. Егер ол әсер етпейтін болса қылмыстық кодекстің 386 бабымен 1000 АЕК немесе 1 жылға дейін бас бостандығынан айырады».
Сондай-ақ, жауапты өкіл мұндай жағдайда тиісті міндеттен жалтарушыны 400 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылатындығын жеткізді. Ал, қала жастарының басым көпшілігі әскерге бармағандарға айыппұл салып, жаза арқалату дұрыс емес деп санайды. Енді бірі, отан алдындағы борышын кез-келген адам өтеуі тиіс деп отыр.
«Мен барғым келмейді».
— Сізді соттаймыз деп жатса, айыппұл саламыз десе?
— Оған қарсылығым жоқ. Соттаса соттай берсін».
«Бұрынғыдай заман емес қой қазір. Бару керек. Ол жақта ешкім ұрмайды деп ойлаймын. Бұрынғы әкелеріміздің кезінде ұрған енді мойындаймын. Өздері айтып отырады. Қазір қорқатын заман деп ойламаймын. Қазір заман дамыған. 21 ғасырдамыз гой».
Жазалау енді артық шығар бірақ айыппұл салу керек иә. Енді өз отаны өзіне керек. Әркім өзі үшін өмір сүріп жүр ғой».
Айта кетейік, әскерге баруды кейінге шегеруге мүмкіндік бар. Дегенмен, бұл үшін салмақты себеп болуы міндетті. Мәселен, отбасылық, денсаулық жағдайы бойынша және білім алып жүрген азаматттар әскерден босатылады. Сонымен қатар, ауылдық жерде жұмыс істейтін мұғалімдер, дәрігерлер немесе тергеп тексеру жүріп жатқан адамдар аталған мүмкіндікті қолдана алады.
Ботакөз Әнуар