Әскери бөлімге заңсыз кірмек болған

Түркістан облысы Арыс қаласында орналасқан №44859 әскери бөліміне белгісіз адамдар заңсыз кіруге әрекеттенген. Шымкент гарнизонының баспасөз қызметінің мәліметінше, әскери күзеттегі қарауыл дер кезінде жарғыға сай қимылдап, бөгде адамдардың әскери нысан аумағына өтуіне жол бермеген. Оқиға 19 қыркүйекке қараған түні болған.

«Оқиғаға қатысты мән-жайларды құзырлы органдар зерттеуде.
Қорғаныс министрлігі еске салады: әскери нысандар ерекше режимдегі нысандарға жатады, оларға заңсыз кіру қатаң тыйым салынады және қылмыстық жауапкершілікке әкеледі»

Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

Айта кетейік, 2019 жылдың маусым айында аталған әскери бөлімде оқ-дәрілері қоймасында жарылыс болып, Арыс қаласының 45 мыңнан аса түрғыны түгел қауіпсіз аймаққа көшірілді. Оқиға кезінде 3 адам қаза тапты, 400-ден аса адам медициналық көмекке жүгінді. Жарылыс салдарынан қаладағы үйлердің 90 пайызы жарамсыз болып қалды.

Дилара Иса