Ауылдасын «басына қазықпен ұрып өлтірген» зейнеткер сотталды

Түркістан облысы Ордабасы ауданында зейнеткер ауылдасын қазықпен ұрып, өлтіріп қойды. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны «Адам өлтіру» бабымен кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айырды. Сотталушының және жәбірленушінің сот үкіміне апелляциялық шағым түсіретіні не түсірмейтіні белгісіз.

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Қалаш ауылында ауылдасының басына 10 рет қазықпен ұрып өлтірген зейнеткер 12 жылға түрмеге жабылды. Сот кабинеті жүйесіндегі сот үкіміне қарағанда, бұл туралы шешімді облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилер шығарған. Қайғылы оқиға ауыл шетіндегі жайылымдық жерде орналасқан шатыр астында болған.

«2023 жылғы 19 тамызда сағат 16:30 шамасында Қалаш ауылының батыс беткейіндегі жайылымдық жердегі орналасқан шатырдың астында оң қолында тұрған темір қазықпен жәбірленуші С.-тың бас аймағынан бірнеше рет ұрып жерге құлатқан. Жәбірленушінің қимылсыз жатқанын көріп, оң аяғымен оның бас тұсынан екі рет теуіп, оқиға орнынан бой тасалаған»

Сот кабинеті жүйесі

Жәбірленуші Ордабасы аудандық орталық ауруханасының жан сақтау бөлімінде 10 күн жатып, ес жимай қайтыс болған. Дәрігерлер оған «бас сүйегі сынып, миы қанталаған» деген диагноз ғойған. Сот айыпталушы қылмысты қасақана жасады деп тапқан. Сот-психиатриялық сараптамасы сотталушының дені сау екенін көрсеткен. Сот үкімінде сотталушының неліктен мұндай қадамға барғаны жазылмаған. Қылмысты ішімдік ішіп алып жасаған. Сотта көрсетілген айғақ заттардың ішінде 4 дана спирттік ішімдік ыдысы тіркелгенін көруге болады.

«Сотталушы Шәміл Тұрлыбекович Бектұрғанов Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын, Оған осы баппен 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Бас бостандығынан айыру жазасын «қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде» өтейді деп белгіленсін. Ол сот залынан күзетпен ұсталып, дереу қамауға алынсын»

Сот кабинеті жүйесі

Сонымен бірге сотталушы қайтыс болған адамның анасына 10 миллион теңге моральдық зиян өтейтін болды. Мұны сот заңды күшіне енгеннен кейін 2 айда төлеуді міндеттеді. Айта кетейік, сот үкімі 28 тамыз күні шыққан, әлі заңды күшіне енбеген. Сотталушының кінәні мойындайтыны, не мойындамайтыны, талаптардың апелляциялық шағым түсіретіні не түсірмейбіті беймәлім.

Дилара Иса